Қазіргі ақпараттық қоғамда зияткерлік меншік мәселесінің маңызы артып келеді. Авторлық құқықты қорғау, ғылыми жаңалықтарды тіркеу, өнертабыстар мен шығармашылық туындылардың заңды иесін тану – инновациялық дамудың маңызды шарттарының бірі.
Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында елдің технологиялық және интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған міндеттер көтерілді. Осы тұрғыдан алғанда, зияткерлік меншік мәдениетін қалыптастыру да өзекті. Себебі жаңа идеяның, ғылыми еңбектің немесе шығармашылық туындының авторы өз еңбегінің нәтижесін заң аясында қорғай алуы керек.
Түркістан облысында бұл бағытты дамытуға мүмкіндік мол. Өңірдегі жас өнертапқыштарды, ғалымдарды, журналистерді, дизайнерлерді, қолөнер шеберлерін және шығармашылық мамандарды авторлық құқық туралы ақпараттандыру маңызды.
Әсіресе, әлеуметтік желілерде өзгенің материалын рұқсатсыз пайдалану, авторын көрсетпеу және шығармашылық еңбекті иемдену мәселелеріне құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейткен жөн.
Менің ойымша, зияткерлік меншікке құрмет – адамның еңбегіне құрмет. Автордың құқығы қорғалған ортада шығармашылық ізденіс те, ғылыми жаңалық та көбейеді.
Жаңа идеяға құрмет көрсету – елдің зияткерлік капиталына құрмет көрсету.