Қазақстан мен Қырғызстанда ірі тау шаңғысы курорттарының құрылысы қатар жүріп жатыр. Алматы маңындағы Көк-Жайлауда Almaty Superski жобасы жүзеге асса, Қырғызстан Ыстықкөл облысындағы Жырғалаң аңғарында «Ала-Тоо Резорт» кешенінің алғашқы кезеңін ашуға дайындалып жатыр
Аумағы жағынан Қырғызстандағы жоба ауқымдырақ. «Ала-Тоо Резорт» үш курорттық аймақты қамтып, жалпы аумағы шамамен 3,9 мың гектар болады. Барлық кезеңі аяқталған соң шаңғы трассаларының ұзындығы 250 шақырымға жетеді. Ал Almaty Superski жобасына шамамен 1 мың гектар жер бөлінеді. Жоба авторларының мәліметінше, бұл жер ұлттық парктің құрамында қалады.
Қазақстандағы курортты 2028 жылғы желтоқсанда толық іске қосу жоспарланған. Ал Қырғызстандағы кешеннің құрылысы кезең-кезеңімен жалғасып, 2038 жылға дейін аяқталмақ.
Трассалар мен аспалы жолдар
Жырғалаңдағы курорттың алғашқы кезеңінде ұзындығы 47 шақырымнан асатын шаңғы трассалары ашылады. Almaty Superski алғашқы кезеңнен-ақ 60 шақырымдық еңістерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Оның жартысы жаңадан үйренушілер мен балалы отбасыларға арналған.Қырғызстандағы курортта алғашқы кезеңде алты аспалы жол іске қосылады. Ал Көк-Жайлауда 17 көтергіш орнату көзделген. Олардың арасында қатты желге төзімді 3S үлгісіндегі үш арқанды гондолалар, он орындық гондолалар мен орындық көтергіштер болады.
Сонымен қатар Almaty Superski шаңғы трассаларының 70 пайызына Snow Factory қар өндіру жүйесін орнатуды жоспарлап отыр. Бұл технология табиғи қар аз жауған жағдайда да қыс бойы шаңғы тебуге мүмкіндік береді.
Жоба құны мен турист қабылдау мүмкіндігі
Отандық жобаның құны шамамен 500 миллион доллар деп бағаланған. Бұл туралы KTD бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев мәлімдеді. Ал Қырғызстандағы «Ала-Тоо Резорт» жобасының құны 1,2 миллиард еуроға бағаланып отыр.
Almaty Superski тәулігіне 15 мың адам қабылдауға есептелген. Курортқа тек шаңғышылар ғана емес, тауға серуендеуге, мейрамханада демалуға немесе аспалы жолмен шыңдарды тамашалауға келетін туристер де бара алады.
Көк-Жайлау жобасына шетелдік мамандар тартылған
Almaty Superski жобасының бас жоспарын Андорраның Pas Grau International консалтингтік компаниясы әзірлеген. 70 жылдық тарихы бар компания осы уақытқа дейін 120-дан астам жобаға қатысқан. Курорттың тұжырымдамасын PGI Management президенті Жоан Виладомат таныстырған.
Жобаға ботаниктер, климатологтер, гляциологтер, топырақтанушылар мен экологтер де тартылған. Құрылыс Қазақстанның Экологиялық кодексіне сәйкестігі тұрғысынан тексеріліп жатыр. Ал гидрологиялық зерттеулер таулы аймақтың табиғатына зиян келтірмей, қанша су алуға болатынын анықтауға тиіс.
KTD бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, компания сарапшылардың ұсыныстарынсыз ешқандай шешім қабылдамайды. Жоба жетекшісі Томас Тор Йенсен курорттың барлық инфрақұрылымы мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолжетімді болатынын айтты.
Жобаның артықшылығы Алматыға жақын орналасуында
Almaty Superski Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарының арасында орналасады. Жоба авторларының пікірінше, курорттың қала мен халықаралық әуежайға жақын болуы туристерге тауға тез жетуге мүмкіндік береді.
Қазір Алматы маңында Шымбұлақ, Медеу, Ой-Қарағай секілді демалыс орындары жұмыс істейді. Өңірге жыл сайын шамамен 2 миллион турист келеді. Олардың басым бөлігі Шымбұлаққа барады. Сондықтан жаңа курортқа келушілерді тарту үшін қалыптасқан туристік инфрақұрылымды пайдалануға болады.
Жобаға қажетті инженерлік желілер мен инфрақұрылым Қазақстанның Даму банкінен алынатын жеңілдетілген несие есебінен салынады. Биыл Алматы әкімдігі курортқа апаратын жолда сегіз көпір мен су өткізу нысанын салуды жоспарлаған.
Қазақстан мен Қырғызстан туристерді бірге тарта алады
KTD бағалауынша, шетелдік турист таулы аймақта күніне орта есеппен 450 доллар жұмсайды. Компания өкілдерінің пайымынша, Орталық Азияға келетін Үндістан мен Парсы шығанағы елдерінің туристері Шымбұлақ пен Жырғаланда шаңғы тебе алады.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Ала-Тоо Резорт» курортының ашылуына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өкілдерін шақырған.
Жобалар толық іске қосылғанда Қазақстан мен Қырғызстан Орталық Азиядағы тау шаңғысы туризмінің жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік алады. Алматы маңындағы курорт қалаға жақын демалыс ұсынса, Жырғаландағы кешен ұзақ әрі ауқымды трассаларымен туристерді тартуды көздейді.
Айта кетейік, Алматы тау кластерінің инфрақұрылымы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағының 0,049%-ын қамтиды.