Жеті көшбасшы – жеті ұстаным: экономика қорытынды дебаттың басты тақырыбына айналды

Құрылтай депутаттарының сайлауына санаулы күн қалды. Сайлауалды науқанның соңғы кезеңі партиялардың өз бағдарламаларын қорытындылап, қоғам үшін өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарын ашық айтуымен ерекшеленді. 19 тамызда өңірлердегі кездесулермен қатар, жеті саяси партияның көшбасшысы «Басты дебат – 2026» алаңында пікір алмасты.

24KZ телеарнасында «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін» тақырыбымен өткен пікірталас дауыс беру алдындағы соңғы ірі саяси эфирлердің біріне айналды. Дебатта экономика, халықтың табысы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік саясат, экология және мемлекеттік қаржының тиімділігі сияқты мәселелер кеңінен талқыланды.

Пікірталасқа «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахимжанов, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров және «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев қатысты.

Дебаттың ерекшелігі – партиялардың бір ғана тақырыппен шектелмей, экономикалық өсімді азаматтардың күнделікті тұрмысымен байланыстыруға тырысуы болды. Бағаның өсуі, табыс деңгейі, жұмыспен қамту, ауылдағы өмір сапасы, кәсіпкерлікке жағдай жасау, аграрлық секторды қолдау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі әр партияның өз ұстанымы тұрғысынан қарастырылды.

Экономикалық өсім және азаматтардың табысы

«Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров сөзін азаматтарды алаңдататын табыс пен бағаның өсуі мәселесінен бастады. Сонымен бірге цифрландырудың еңбек нарығына әсері, жаңа мамандықтарға бейімделу және кадрларды қайта даярлау қажеттілігіне тоқталды.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай жұмыспен қамту мен ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін алға шығарды. Ол экономиканы кеңейту, орта бизнестің мүмкіндігін арттыру, қаржыландыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету және экспортты ынталандыру арқылы бюджет кірістерін көбейту жөніндегі партия ұстанымын таныстырды.

ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов еңбекақы деңгейі мен халық табысының ішкі сұранысқа әсеріне назар аударды. Оның пікірінше, мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет шығыстарына қоғамдық бақылауды күшейту маңызды.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды бағыты

Аграрлық сектор дебаттың негізгі тақырыптарының біріне айналды. «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шағын бизнесті және ауылдағы кооперацияны дамыту мәселелерін көтерді.

Ол астықты тек экспорттаумен шектелмей, оны ел ішінде терең өңдеудің, тұқым шаруашылығын дамытудың және импорттық тұқымға тәуелділікті төмендетудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар аграрлық ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығын цифрландыру және еңбек өнімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева да аграрлық секторға қатысты бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Оның сөзінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы қолдау және салықтық шаралар мәселелері қамтылды.

Әлеуметтік саясат және өмір сапасы

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігіне назар аударды. Азық-түлік, медицина және білім беру салаларындағы қолжетімділікпен қатар, монополияларды реттеу, шағын және орта бизнесті қолдау және өңірлердің экономикалық ерекшеліктерін ескеру қажеттігін айтты.

Партияның әлеуметтік бағыты бұған дейінгі сайлауалды кездесулерде де көрініс тапты. Қазақстан Халық партиясының өкілдері ардагерлермен, дағдарыс орталығының қызметкерлерімен және тәуелділігі бар азаматтарға көмек көрсету саласының мамандарымен кездесіп, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі, қоғамға бейімделу және мектептердегі психологиялық қолдау мәселелерін талқылады.

Экология және жауапты даму

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық туризмді дамыту мәселелерін басты назарға алды. Сонымен бірге бюджет қаражатын тиімді пайдалану және қолда бар ресурстарды басқару тақырыптарын көтерді.

Партияның өңірлердегі кездесулерінде де экологиялық күн тәртібі жалғасын тапты. Атап айтқанда, Павлодар облысының Май және Аққулы аудандарында топырақ, су және азық-түлік өнімдеріне радиациялық мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды.

Экономикадан нақты ұсыныстарға дейін

«Басты дебат – 2026» форматы партияларға тек өз бағдарламаларын таныстыруға емес, қарсыластарына сұрақ қойып, түрлі экономикалық тәсілдерді салыстыруға мүмкіндік берді. Дебат барысында бюджет кірістерін арттыру, салық саясаты, табиғи ресурстардан түсетін кірістер, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік шығыстар, кәсіпкерлік және әлеуметтік міндеттемелер сияқты мәселелер өзара сабақтастықта қаралды.

Дебаттың төрт раунды бағдарламаларды таныстырудан бастап, көрермендер мен қарсыластардың сұрақтарына жауап беруге, тікелей пікірталасқа және қорытынды сөзге ұласты. Эфир барысында партиялардың өңірлік штабтарымен байланыс орнатылып, АҚШ, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қазақстандықтармен телекөпір ұйымдастырылды. Көрермендер QR-код және байланыс орталығы арқылы шамамен 59 мың сұрақ жолдады.

Осылайша, жеті партияның жеті көшбасшысы бір алаңда әртүрлі саяси және экономикалық көзқарастарын таныстырды. Бірі экономиканы кеңейту мен кәсіпкерлікті қолдауға, бірі ауыл шаруашылығы мен өңірлерді дамытуға, енді бірі әлеуметтік кепілдіктер мен экологиялық тұрақтылыққа басымдық берді.

Сайлауалды науқанның соңғы күндері партиялардың бағдарламаларын сайлаушыларға жеткізудің қорытынды кезеңіне айналды. Ендігі шешім – азаматтардың таңдауы. Үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін тыныштық күні өтеді, ал 23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру өтеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *