Жүгіру, пікірталас және еркін форматтағы әңгіме: Қазақстандағы сайлауалды дода қалай өтіп жатыр?

Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны қарқын алып келеді. Партиялар сайлаушылармен байланыс орнатудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Бірі таңғы жүгіру ұйымдастырса, енді бірі қоғамдық тыңдау өткізіп, ауыл-аймақты аралап жүр. Кейбір саяси күштер кәсіпкерлермен кездесіп, әлеуметтік осал топтардың мәселелерін талқыласа, өзгелері экологиялық акциялар мен спорттық шаралар арқылы өз бағдарламаларын таныстыруда.

«Әділет»: ауылды дамыту мен әділетті қоғам құруға басымдық

«Әділет» партиясы «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында Солтүстік Қазақстан облысында өңірлік сапарын жалғастырды. Партия өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерді дамытуға қатысты жүзге жуық ұсыныс жинады.

Кездесулер барысында балалар және бұқаралық спортты дамыту, параспортшыларды қолдау, ауыл жаттықтырушыларына грант бөлу, ArtSport және Damubala бағдарламаларын қаржыландыру мәселелері көтерілді.

«НОВОПЭК» кәсіпорнында өткен кездесуде кәсіпкерлікті қолдау, отандық өндірісті дамыту және орта бизнестің экономикадағы үлесін 20 пайызға дейін жеткізу жоспарлары таныстырылды. Ал Бурабай ауданында туризмді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, экотуризм мен агротуризмді қолдау, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық бастамалар талқыланды.

Күн соңында партия мүшелері «Жеңіс» пен «Елімай» футбол матчын тамашалап, командаларға қолдау көрсетті.

ОСДП: қоғамдық тыңдау мен әлеуметтік мәселелер

ОСДП Қарағандыда азаматтық тыңдау өткізіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кибералаяқтық және экологиялық жағдай мәселелерін талқылады.

Партия тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен МИБ бойынша жеке палата құруды, интернет-алаяқтықпен күресті күшейтуді және ауа мен су сапасына қатысты ақпараттың қолжетімділігін арттыруды ұсынды.

Сонымен қатар партия өкілдері қала тұрғындарымен кездесіп, еңбек жағдайы, инфрақұрылымды дамыту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелерін талқылады.

«Байтақ»: экологияны насихаттаудың жаңа форматы

«Байтақ» жасылдар партиясы сайлауалды жұмысын таңғы марафонмен бастап, алғашқы шарасын Арал қаласында өткізді.

Одан кейін «Биік мақсат – мықты команда» акциясы ұйымдастырылып, кандидат Ұлан Мұсаев бастаған партия мүшелері қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын насихаттады.

Қазақстан Халық партиясы ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен кездесті

Қазақстан Халық партиясының өкілдері spina bifida диагнозы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен жүздесті.

Кездесу барысында медициналық көмек көрсету, оңалту қызметтері, техникалық құралдармен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланып, бұл бағыттағы жүйелі шешімдер қарастырылды.

«Ауыл»: фермерлер мен ауыл тұрғындарының мәселесі назарда

«Ауыл» партиясының төрағасы Қалижан Айтуғанов Ақмола облысындағы Үлгі ауылында тұрғындармен кездесті.

Партия фермерлерді қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, жаңа технологияларды енгізу және жастарға мүмкіндік жасау бағытындағы бастамаларын таныстырды. Сондай-ақ «Құс: ауладан дастарқанға дейін» жобасы арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесіне назар аударылды.

Тұрғындар өз кезегінде жолдарды жөндеу, жұмыспен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелерін көтерді.

«Ақ жол»: подкаст, велошеру және ашық кездесулер

«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды жұмыстарын бірнеше бағытта жүргізуде. Партия кандидаттарының қатысуымен подкасттар сериясы басталып, алғашқы шығарылым қаржылық қауіпсіздік пен алаяқтықтың алдын алу тақырыбына арналды.

Сонымен қатар велошерулер жалғасып жатыр. Кандидат Андрей Линник Алматыдан Жамбыл облысына велосипедпен аттанса, партияны қолдаушы А. Айболатов Ақтөбе облысына дейінгі бағытын жалғастыруда.

Маңғыстау облысында партия өкілдері теңізде арнайы акция ұйымдастырып, Мемлекеттік Ту мен партия туын көтерді. Қостанай мен Көкшетауда да сайлаушылармен кездесулер өтіп, партия бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды.

Respublica төрт күндік жұмыс аптасы мәселесіне қатысты пікір білдірді

Respublica партиясы Алматыда кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, ОСДП-ның төрт күндік жұмыс аптасына көшу туралы ұсынысына қатысты өз ұстанымын жеткізді.

Партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсат Кикимов бұл бастаманың жұмыс берушілерге түсетін экономикалық салмағы толық есептелмегенін айтты. Оның пікірінше, жұмыс уақытын қысқартып, жалақыны бұрынғы деңгейде сақтау ұсынылғанымен, қосымша шығындарды өтеу тетіктері нақты көрсетілмеген.

Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамыту, бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайту және экономикалық реформалар мәселелері де талқыланды.

Сайлауалды науқанның форматы өзгеруде

Биылғы сайлауалды науқан дәстүрлі кездесулермен ғана шектелмей, спорттық марафондар, қоғамдық тыңдаулар, подкасттар, велошерулер және еркін форматтағы пікір алмасулар арқылы жалғасуда. Партиялар өз бағдарламаларын таныстырумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарын жариялап, бір-бірінің бастамаларына да пікір білдіруде. Бұл сайлауалды доданың мазмұнын кеңейтіп, саяси бәсекелестіктің жаңа формаларын қалыптастырып келеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *