Түркістан қаласында мұғалімдерді жасанды интеллект технологияларын тиімді және жауапты қолдануға үйретуге бағытталған «Ustazga AI: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» жобасының таныстырылымы өтті. Жоба педагогтардың жұмыс жүктемесін азайтуға, білім беру сапасын арттыруға және цифрлық құзыреттілігін күшейтуге бағытталған.
«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев, «Daryn Ustaz» компаниясының мемлекетпен байланыс бөлімінің басшысы Ерлан Абдиманапов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова қатысты.
Жиынға облыстық білім басқармасына қарасты ұйымдардың жауапты мамандары, әдістемелік орталықтардың жетекшілері, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектептер мен колледж директорлары қатысып, жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне енгізудің маңыздылығымен танысты.
Кездесудің ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуды басым бағыт ретінде атап өткенін айтты.
– Білім беру саласына жасанды интеллект технологияларын енгізу және білім сапасын арттыру мәселелерін талқылау үшін жиналып отырмыз. Облысымызда Мемлекет басшысының бастамаларын қолдау мақсатында цифрлы трансформацияны жеделдету, жасанды интеллектті ерте жастан оқытуға енгізу және педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағыттарында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Информатика, робототехника және STEM кабинеттерін жабдықтау қарқынды жүргізіліп жатыр, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық «Әйелдер қанатының» жетекшісі Қалыйма Жантөреева жүргізіп, қоғамның цифрлық дағдыларын қалыптастырудағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Партия хатшысы Шолпан Қаринова «AMANAT» партиясының биыл іске қосқан «Цифрлы қоғам» жобасының негізгі бағыттарының бірі – педагогтарды қолдау екенін айтты.
Кездесу барысында «Daryn.online» компаниясының бас директоры Айбек Қуатбаев пен «Daryn Ustaz» компаниясының бөлім басшысы Ерлан Абдиманапов «Ustazga AI» платформасының артықшылықтары мен мүмкіндіктерін таныстырып, жасанды интеллектіні педагогтың көмекшісі ретінде қолдану жолдарын түсіндірді.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген міндеттер аясында «Daryn Ustaz» орталығымен бірлесіп, «Ustazga AI» жобасын іске қосты. Жоба ҚР Парламенті Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың «Mұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Бастаманың мақсаты – мұғалімдерге арналған тегін онлайн курстар ұйымдастыру, білім беру саласында жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану жолдарын көрсету және педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру.
Жиын соңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев жасанды интеллектіні білім саласына енгізу уақыт талабы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар еліміздің білім жүйесіне жаңа мүмкіндіктер әкелмек.







