Тоқаев тоғыз елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның басты ұстанымын айтты

Астанада тоғыз елдің елшісі сенім грамоталарын табыстады. Рәсімде Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаты мен болашақ реформалары туралы айтты.Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тоғыз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшысы рәсім барысында Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы саясаты, инвестициялық әлеуеті және елдегі саяси реформалар туралы айтты.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президентіне тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын табыстау рәсімі өтті.Сенім грамоталарын Молдова Республикасының елшісі Игорь Молдован, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Тхань Ле Нгуен, Корея Республикасының елшісі Ки Хон Чжон, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Лунгисани Доминик Нтомбелла, Словакия Республикасының елшісі Любомир Регак, Германия Федеративтік Республикасының елшісі Хайке Ренате Пайч, Әзербайжан Республикасының елшісі Алимирзамин Аскеров, Словения Республикасының елшісі Бранко Раковец және Намибия Республикасының елшісі Моника Ндилявике тапсырды.Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның бейбіт сыртқы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағдайда бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік салтанат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, ынтымақтастықты өрбіту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның елшілер өкілдік ететін мемлекеттермен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты. Оның сөзінше, көпжақты ынтымақтастықты дамыту Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *