ТҮРКІСТАНДАҒЫ WOOSONG UNIVERSITY УНИВЕРСИТЕТІНЕ ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласында орналасқан Woosong University университетіне 2026–2027 оқу жылына талапкерлерден құжат қабылдау басталды. Қазақстан жастары енді шетелге шықпай-ақ Оңтүстік Кореяның беделді жоғары оқу орнының дипломын алып, халықаралық деңгейдегі IT білімін елімізде меңгеруге мүмкіндік алып отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес өңірде жүзеге асырылып жатқан халықаралық білім беру жобасы аясында жұмысын жүргізіп жатқан Woosong University – Орталық Азиядағы жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласына маман даярлайтын бірегей жоғары оқу орындарының бірі.

Биыл Түркістан облысы әкімдігі тарапынан университетке 200 білім гранты бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда гранттар санының екі есеге артуына мүмкіндік беріп, талантты жастардың сапалы халықаралық білім алуына жаңа жол ашып отыр.

Университетте білім беру үдерісі толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі. Бүгінде талапкерлерден Artificial Intelligence (Жасанды интеллект) және Data Science (Деректер ғылымы) бағыттары бойынша құжаттар қабылдануда. Аталған мамандықтар қазіргі таңда әлемдік еңбек нарығында ең сұранысқа ие салалардың қатарында.

Талапкерлерді іріктеу бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Бағалау кезінде мектептегі үлгерім көрсеткіші (GPA) – 20 пайыз, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі – 50 пайыз, ал Кореядағы профессорлармен ағылшын тілінде өткізілетін онлайн сұхбат – 30 пайыз үлеске ие болады. Сонымен қатар үміткерлердің қолында IELTS 5.0 және одан жоғары немесе соған теңестірілген халықаралық ағылшын тілі сертификаты болуы қажет.

Құжаттарды қабылдау 2026 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады. Құжаттарды онлайн жүктеген талапкерлер кезең-кезеңімен сұхбатқа шақырылып, іріктеу нәтижелері жеке электронды пошталарына жолданады. Грант иегерлерінің тізімі 14 тамызға дейін толық анықталады.

Әкімдік грантына ие болмаған талапкерлер үшін ақылы бөлімде оқу мүмкіндігі де қарастырылған. Бірінші оқу жылының оқу ақысы – 6000 АҚШ доллары, кейінгі оқу жылдары – 5500 АҚШ доллары көлемінде белгіленген.

Университеттің ерекшелігі – студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік жобалармен айналысуында. Қазіргі таңда білім алушылар құрылыс алаңдарындағы қауіпсіздікті бақылайтын жасанды интеллект жүйесін әзірлеп, отандық компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы Оңтүстік Кореяда білім алып, халықаралық командалар құрамында тәжірибе жинақтап келеді.

Оқу бағдарламасы 2+2 моделі негізінде жүзеге асырылады. Студенттер алғашқы екі жылын Түркістандағы кампуста оқып, кейін оқуын Оңтүстік Кореядағы Woosong University университетінде жалғастыру мүмкіндігіне ие. Бұл халықаралық тәжірибе алмасуға, шетелдік профессорлардан білім алуға және әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға жол ашады.

Түркістан облысының білім басқармасы өңір жастарын халықаралық деңгейдегі білім беру мүмкіндігін тиімді пайдаланып, құжаттарын уақытылы тапсыруға шақырады. Бүгінде әлемдік стандарттағы IT білім мен инновациялық орта Түркістанда қолжетімді. Бұл – өңірдің білім беру әлеуетін арттырумен қатар, цифрлық экономиканы дамытатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған маңызды қадам.

Құжат қабылдау мерзімі: 2026 жылғы 31 шілдеге дейін.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *