Түркістан облысының құрылысшыларына құрмет көрсетілді

 

Түркістан қаласындағы «Конгресс-холл» көпсалалы кешенінде Құрылысшы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, құрылыс саласының ардагерлері мен сала мамандары, жас құрылысшылар қатысты.
Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, құрылыс саласында қолданылатын заманауи техника мен құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары мен арнайы аппараттар көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімі құрылыс саласының ардагерлерімен бірге көрмені аралап, ұсынылған құрал-жабдықтармен танысты.
▪️Салтанатты жиында облыс әкімі алғысөз сөйлеп, құрылыс саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
▪️– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қай уақытта да құрылыс саласы – ел дамуының драйвері екендігі мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылыс саласын дамытуға ерекше мән беріп келеді. Президент тұрғын үй құрылысының көлемін арттырумен қатар, құрылыс сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Сондай-ақ саланы цифрландыру мен ашықтықты арттыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде белгілеп отыр. Биыл жаңа Құрылыс кодексінің қабылданғанын жақсы білесіздер. Бұл құжат саланың сапалы әрі ашық дамуына тың серпін береді. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау құрылыс саласының қарқынды дамуына берік негіз қалап отыр. Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Түркістан облысында ауқымды құрылыс жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ел игілігіне ұсынылуда. Өңіріміздің өркендеуі, сәулеті мен келбеті – құрылыс саласының қарқынды дамуымен тығыз байланысты. Бүгінде облысымызда бой көтеріп жатқан әрбір әлеуметтік нысан, тұрғын үй, өндірістік және инфрақұрылымдық жоба – Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесі. Биыл Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Жиында Мемлекет басшысы «Алқалы жиынды Түркістанда өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту» екендігін ерекше атап өткен болатын. Түркістанды түрлендіріп, әлемге танытуда құрылысшылардың сіңірген еңбегі әрқашан ерекшеленетіні белгілі. Қаланың символдарының біріне айналып үлгерген «Тайқазан» мен «Киіз үй» кешені оның айқын дәлелі. Қай саланы алсаң да, құрылыссыз саланы дамыту мүмкін емес. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында өңіріміз көркейіп, елді мекендеріміз жаңарып, тұрғындардың әл-ауқаты артып келеді. Бұл – сіздердің адал еңбектеріңіздің жемісі, – деді Нұралхан Көшеров.
Іс-шарада облыс басшысы құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби шеберлігімен танылған бірқатар сала мамандарын марапаттады. Сонымен қатар облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов құрылыс саласының еңбегімен дараланған бірқатар мамандарға марапаттар табыстады.
Құрылыс саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мол тәжірибесімен кейінгі буынға жол көрсетіп жүрген ардагерлерге де ерекше құрмет көрсетілді. Сала сабақтастығын дәріптейтін тағылымды рәсім барысында құрылыс саласының ардагерлері жас құрылысшыларға «Құрылыс кодексін» табыстады.
Мерекелік жиында концерттік бағдарлама ұсынылды. Облыстың өнерпаздары сахнада ән мен күйден шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, 2026 жылдың 6 айының қорытындысымен өңірімізде құрылыс жұмыстарының көлемі 306,7 млрд теңгені құрап, 25,5 пайызға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 475 мың шаршы метрге жетіп, өсім 8,3% құрады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *