ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 3 МЫҢНАН АСА ІС-ШАРА ӨТКЕН

Түркістан облысы бойынша Экология департаменті тарапынан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында экологиялық рұқсаттар беру бойынша 369 өтінім қаралып, 81 қорытынды және І санаттағы нысандарға 25 экологиялық рұқсат берілген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі орта есеппен 38 жұмыс күніне дейін қысқарған. Бұл туралы департамент басшысы Байбатыр Мұсабек БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді. “Мемлекеттік экологиялық бақылау аясында 38 бақылау іс-шарасы өткізіліп, 73 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 64,8 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, заң бұзушылықтарды жою жөнінде 69 нұсқама берілді. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарына қатысты 5 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтар үшін 1,2 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарындағы жылыжай шаруашылықтарында атмосфералық ауаның ластануын төмендету мақсатында жоғары тиімді сүзгілеу жүйелерін орнату мәселесі пысықталуда. Заңсыз жер қойнауын пайдалану деректері бойынша 81 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 5,4 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге, құқық бұзушылықты қайталап жасаған 6 тұлғаға сот шешімімен қосымша 587 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды”-деп баяндады сала басшысы. Зертханалық-талдамалы бақылау барысында 149 сынама алынып, 814 зерттеу жүргізілді. Өзен сулары бойынша жоғары және өте жоғары ластану деректері тіркелмеді. Айта кетейік, өңірдің экологиялық мәселелерін кешенді шешуге бағытталған 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы бойынша жоспарланған 27 іс-шараның 23-і толық орындалып, қалған 4 іс-шара белгіленген мерзімге сәйкес жүзеге асырылуда. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 3 066 іс-шара өткізіліп, оған 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 379 тонна қоқыс шығарылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *