Түркістан облысында «Құрылтай-2026» шарасына дайындық жұмыстары аясында тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында 74 ЛЭД-экран, 26 баннер мен 45 үлкен экран арқылы үгіт-насихат және шақыру материалдары кең көлемде таратылуда. Бұл заманауи бейнеэкрандар мен сыртқы жарнама құралдары ХҚКО, театрлар, кітапханалар мен медициналық ұйымдар сияқты халық көп шоғырланатын басты мекемелерде іске қосылып, тұрғындардың ақпаратқа қол жеткізуін барынша жеңілдетіп отыр. Бұған қоса, ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұсынған бірыңғай эскиздік үлгіге сәйкес облыс көлемінде тағы 255 негізгі ақпараттық баннер орнатылып жатыр.
Жалпы, дайындық барысында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, азаматтардың өз таңдауын жасауына толық жағдай жасалуда. ҚР ОСК нұсқаулығы бойынша облыстық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында арнайы «Құрылтай» бөлімі ашылып, онда ҚР Президентінің Жарлығы, сайлау комиссияларының құрамы, учаскелердің шекаралары мен медиа-контент тұрақты жариялануда. Осыған ұқсас түсіндіру жұмыстары аймақтағы барлық аудан мен қаланың интернет-ресурстары мен әлеуметтік желі парақшаларында да жүргізіліп жатыр.Кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін облыстың 17 ауданы мен қаласында 658 арнайы орын (187 ақпараттық стенд және 471 ақпараттық тақта) белгіленді. Ал сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін тағы 330 арнайы орын әзірленген.
Тұрғындарға қолайлы болуы үшін барлық аудан мен қалада сенім телефондары іске қосылып, жауапты тұлғалар бекітілді, ал облыс деңгейінде «109» бірыңғай Call-орталығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің ресми сайттарында «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылды.
Құрылтай күні облыс бойынша 557 дауыс беру учаскесінде осы онлайн сервис қолжетімді болады. Әр учаскеде комиссияның арнайы 2 мүшесі бекітіліп, олар азаматтардың тіркелген жері туралы мәліметтерді «электрондық үкімет» порталы арқылы тексеруге көмектеседі.
Дауыс берушілердің құқығын қорғау мақсатында 22 сайлау учаскесінде шағын ХҚКО (ЦОН) қызмет көрсететін болады. Бұл учаскелерде азаматтарға тура дауыс беру күні бір күнге уақытша тіркелу мүмкіндігі беріледі.
Осылайша, тіркеуі жоқ немесе басқа өңірде тіркелген азаматтардың өз таңдауын кедергісіз жасауына барлық жағдай жасалады. Насихат және ұйымдастыру бағытындағы барлық тиісті жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.