Түлкібас ауданында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты республикалық жастар шығармашылық байқауы басталды.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған сайыс Түлкібас өңірінің табиғи, тарихи ерекшелігін, ана тақырыбын, туған жердің тұғырлы тұлғаларын Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жан-жақты насихаттауға арналған.
Байқаудың бас демеушісі – Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық Қордың президенті, саясаттану ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай.
Идея авторы – қоғам қайраткері, белгілі журналист Жандар Асан.
«Байқаудың басты мақсаты – Түлкібас өңірінің тарихы мен бүгінгі жеткен жетістігін, аймақтың туристік әлеуетін дәріптеу, аудандағы қасиетті орындардың бірі – «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігі мен ана тақырыбын және Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметұлы, Мархабат Байғұт сынды тұлғалардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпақ арасында насихаттау», – деп атап өтті Жандар Асан.
Ұсынылған шығармалар «Түркібасы – айбын, байлығым, Мекемтас-биігі – тағзым-тағылым, Тұраркентім – төл ұғым, «Шынар бастау» – айдыным» жалпы тақырыбын қамтуы тиіс.
Байқау комиссиясының құрамында отандық БАҚ басшылары, тіл мамандары мен танымал журналистер болады.
Байқауға Түлкібас ауданының тарихын, даму кезеңдері мен перспективасын, туристік орындарын, соның ішінде «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігін, ананы аялаудың ұлағатын, отбасылық құндылықтарды, тарихи тұлғалар ұлағатын қамтыған шығармалар қабылданады.
Сайысқа қолынан жазу келетін, 13-35 жастағы Қазақстан аумағында тұратын кез келген азамат қатыса алады. Сонымен қатар әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша шығарма қабылданады.
Байқауға ұсынылған шығармалар 2026 жылғы 30-сәуір мен 7-мамыр (қоса алғанда) аралығында қатысушы парағымен қоса zhandarassanov@gmail.com электронды поштасында қабылданады.
Байқауға ұсынылған шығармаға қойылатын талаптар:
– Эссе/Проза: 2 беттен кем емес, пішіні: 14,Times New Roman қарпімен, 1 интервал;
– Поэзия: 5 шумақтан кем емес, пішіні: 14, Times New Roman қарпімен, 1 интервал;
– бұрын жарияланған шығармалар қабылданбайды.
Шығармаларды қабылдау үшін әр қатысушы өзінің толық аты-жөні, өзі туралы толық мағлұмат (жасы, байланыс нөмірі, тұрғылықты мекен-жайы, жұмыс немесе оқу орны) ұсынылған қатысушы парағын толтырып жіберуі тиіс.
Байқау қатысушылары келесідей орындармен және қаржылай марапатталады:
– Бас жүлде – бір адам. Сыйақы көлемі: 150 000 теңге;
– I-орын – бір адам. Сыйақы көлемі: 100 000 теңге;
– II-орын – екі адам. Сыйақы көлемі: 70 000 теңге (әрқайсысына);
– III-орын – үш адам. Сыйақы көлемі: 50 000 теңге (әрқайсысына).
Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылғы 9-мамырда сағат 15:00-де «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінде (Түлкібас ауданы, Түлкібас ауылы) өтеді.
Байқауда үздік деп танылған шығармалар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атауымен жарияланады.