Құрылтай сайлауына санаулы күндер қалған тұста партиялар сайлауалды науқанның маңызды кезеңін қорытындылады. Кандидаттар өңірлерде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен жүздессе, күн соңында 7 партияның көшбасшысы басты теледебатта бас қосты. Экономика, халықтың табысы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік саясат және экология мәселелері дауыс беру алдындағы маңызды саяси эфирдің негізгі тақырыптарына айналды.
«Әділет» партиясы Астанада тұрғын үй қорын басқару мәселелері жөніндегі республикалық диалог алаңын өткізіп, Павлодар облысындағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесті.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия еңбек құқықтары, агроөнеркәсіптік кешен, экология және зейнетақы мәселелері бойынша іс-шаралар ұйымдастырды. «Байтақ» партиясы Алматы және Ақтөбе облыстарында педагогтермен, медицина қызметкерлерімен кездесіп, экология мен радиациялық мониторинг мәселелерін талқылады. Қазақстан Халық партиясы ардагерлермен, дағдарыс орталықтарының қызметкерлерімен кездесіп, дәрі-дәрмек пен психологиялық қызмет қолжетімділігін сөз етті. «Ауыл» партиясы Павлодар облысында ғылым және білім саласы өкілдерімен, сондай-ақ шаруашылық еңбеккерлерімен өсімдік және мал шаруашылығын талқылады. «Ақ жол» демократиялық партиясы бірқатар өңірлерде сайлауалды кездесулерін жалғастырып, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады. «Respublica» партиясы Ақмола облысында жақтастар форумын және жастар қозғалысымен кездесу өткізді. 24KZ телеарнасында өткен теледебатқа жеті партияның төрағасы қатысты. Эфир барысында барлық партия штабынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, шетелдегі Қазақстан азаматтарымен телекөпір өтті. Көрермендер QR-код пен байланыс орталығы арқылы 59 мыңға жуық сұрақ жолдады.
Дебат төрт раундтан тұрды: бағдарламаларды таныстыру, сұрақтарға жауап беру, партиялар арасындағы тікелей пікірталас және қорытынды сөз. Қатысушылар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру жолдарын ұсынып, өз бағдарламаларын қорғады. Үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін тыныштық күні өтіп, алдағы күндері дауыс беру процесі басталады.