Саяси күштердің көшбасшылары «Басты дебат – 2026» алаңында кездест

Құрылтай депутаттарының сайлауына санаулы күн қалғанда партиялар сайлауалды науқанның соңғы күндерін мазмұнды кездесулер мен қоғамдық пікірталастарға арнады. 19 тамызда саяси партиялардың кандидаттары мен өкілдері өңірлерде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен кездесулер өткізсе, кешке жеті партияның көшбасшысы «Басты дебат – 2026» теледебатында бас қосты.

24KZ телеарнасында «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін» тақырыбымен өткен пікірталаста елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Дебатқа «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахимжанов, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров және «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев қатысты.

Сөз сөйлеу тәртібі 18 тамызда өткен ашық жеребе арқылы анықталды. Дебат төрт раундтан тұрды. Оның барысында партиялар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, қарсыластары мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді, өзара пікірталас жүргізіп, қорытынды сөздерін айтты. Эфир кезінде партиялардың өңірлік штабтарымен тікелей байланыс ұйымдастырылып, АҚШ, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қазақстандықтармен телекөпір өтті. Көрермендер QR-код және байланыс орталығы арқылы шамамен 59 мың сұрақ жолдаған.

Алғашқы болып сөз алған «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров азаматтардың жиі көтеретін мәселелерінің қатарында халық табысы мен бағаның өсуі бар екенін атап өтті. Сонымен бірге цифрландырудың еңбек нарығына ықпалы, мамандарды қайта даярлау, білім беру жүйесі мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелеріне тоқталды. Қорытынды сөзінде фермерлерді қолдау, мемлекеттік сатып алу, әскери қызметшілердің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері және вейптерді реттеу мәселелерін қозғады.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев экологиялық туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелерін көтерді. Партия өкілі елдегі қолда бар ресурстарды тиімді басқару мен қаржылық тәртіпті күшейтудің маңыздылығына назар аударды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева табиғи ресурстардан түсетін кірістерді әділ бөлу, аграрлық секторды дамыту және жас отбасыларды қолдау мәселелерін алға тартты. Ауыл шаруашылығын субсидиялау, салықтық шаралар, ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы қолдау және жас отбасыларға ипотекалық несие беру бағыттарына тоқталды.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай жұмыспен қамту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа дағдыларды қалыптастыру мәселелерін атап өтті. Ол экономиканы кеңейту, орта бизнесті дамыту, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экспортты ынталандыру арқылы бюджет кірістерін көбейту жөніндегі партия ұстанымын таныстырды. Сондай-ақ шикізатты ел ішінде терең өңдеуді дамыту қажеттігін айтты.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, шағын бизнесті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселелеріне басымдық берді. Ол астықты терең өңдеу, тұқым шаруашылығын жетілдіру және импорттық тұқымға тәуелділікті азайту қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, агросекторды цифрландыру, аграрлық ғылымды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахимжанов еңбекақы деңгейі, мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет шығыстарын бақылау және халық табысының ішкі сұранысқа әсері мәселелерін көтерді. Ол сайлауалды міндеттердің орындалуына қоғамдық бақылау орнатудың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов азық-түлік, медицина және білім беру қызметтерінің қолжетімділігі, монополияларды реттеу, шағын және орта бизнесті қолдау және өңірлердің экономикалық ерекшеліктерін ескеру мәселелерін қозғады. Сонымен қатар алимент қорын заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару нәтижесінде түскен қаражат есебінен қалыптастыру мүмкіндігін ұсынды.

Дебатпен қатар 19 тамызда партиялар өңірлердегі сайлауалды кездесулерін жалғастырды. «Әділет» партиясы Астанада тұрғын үй қорын басқару мәселелері жөніндегі республикалық диалог алаңын өткізіп, инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғын үй қорын есепке алуды цифрландыру мәселелерін талқылады. Павлодар облысында партия өкілдері ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті.

ЖСДП өкілдері еңбек құқықтары, агроөнеркәсіптік кешен, экология, зейнетақымен қамсыздандыру және білімнің қолжетімділігі мәселелерін талқылады. «Байтақ» партиясы экология мен денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерді көтерсе, Қазақстан Халық партиясы ардагерлермен және әлеуметтік сала мамандарымен кездесулер өткізді.

«Ауыл» партиясы ғылым және білім өкілдерімен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы еңбек ұжымдарымен кездесіп, өсімдік және мал шаруашылығы мәселелерін талқылады. «Ақ жол» партиясы бірнеше өңірде сайлауалды кездесулерін жалғастырды. «Respublica» партиясы Ақмола облысында жақтастар форумын өткізіп, жастармен кездесті.

Осылайша, сайлауалды науқанның соңғы кезеңі партиялардың басымдықтарының әртүрлі екенін көрсетті. Күн тәртібінде халық табысы, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік кепілдіктер, экология, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлікті қолдау және бюджет қаражатын тиімді пайдалану сияқты мәселелер тұр.

«Басты дебат – 2026» теледебаты сайлауалды науқанның маңызды қорытынды алаңдарының біріне айналды. Партия көшбасшылары өз бағдарламалары мен негізгі ұстанымдарын таныстырып, ел дамуының өзекті бағыттары бойынша пікір алмасты.

Үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін тыныштық күні өтеді. Ал 23 тамызда азаматтар Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша өз таңдауын жасайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *