Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында белсенді жастардың бастамасымен тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Шара аясында ерікті жастар тазалық жұмыстарын жүргізіп, аудан орталығындағы саябақты күл-қоқыстан тазартты. Еріктілер жол бойындағы қоқыстарды жинап, ағаштарды әктеп, қураған ағаш бұтақтарын шапты. Саябақ аумағындағы қоқыстар арнайы қаптарға салынып, полигондарға жеткізілді. Тазалық жұмыстарына белсене қатысқан белсенді жастардың бірі Қайрат Сапарбеков өткізілген тазалық шарасы туралы пікір білдірді. «Туған жеріміздің тазалығы – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осындай игі шаралар қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға да ықпал етеді. Барша жастарды осындай бастамалардан шет қалмай, туған өлкеміздің көркеюіне өз үлесін қосуға шақырамын. Жыл соңына дейін ауданның белсенді жастары болып тағы да тазалық шараларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз». Айта кетейік, әр апта сайын облыстың барлық аудан-қалаларында тазалық жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұндай жұмыстар өңір тұрғындарының қоршаған ортаны қорғауға деген мәдениет қалыптастырып, жастарға үлгі болмақ. Жыл басынан бері облыс аумағында 3 мыңнан астам тазалық шарасы өтті. Жыл соңына дейін бұндай жобалар өз жалғасын таппақ. Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
САРЫАҒАШТЫҚ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА ҚАТЫСТЫ