Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Шардара қаласында көптен күткен «Шардара» топтық су құбыры («Тама-Тастанбек») пайдалануға берілді.
Жобаға арналған іс-шара алдында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Вице-премьерге өңірдегі ауыз су нысандарының құрылысы, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіштері және алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде баяндалды.
Одан кейін жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамту – Үкіметтің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, шардаралықтарды көптен күткен маңызды жобаның жүзеге асуымен құттықтады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындардың қуанышымен бөлісіп, Президент тапсырмасы мен Үкіметтің қолдауының нәтижесінде жүзеге асқан бұл жоба өңір үшін тарихи маңызға ие екенін жеткізді. Нәтижесінде Шардара қаласының тұрғындары санитариялық талаптарға толық сәйкес келетін сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді.
Жобаның негізі 2008–2009 жылдары Шардара-Байырқұм жерасты су кен орнында жүргізілген қосымша барлау жұмыстарының нәтижесінде қаланды. Қазақстан Республикасы Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хаттамасына сәйкес жерасты су қоры 25 жыл мерзімге бекітілді. Зерттеу нәтижесінде «Тама-Тастанбек» учаскесіндегі жерасты суларының бактериологиялық, радиологиялық және химиялық көрсеткіштері санитариялық талаптарға толық сәйкес келетіні анықталды.
Жобаның нәтижесінде Шардара қаласындағы 30 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Су құбырының жобалық өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метрді құрайды. Құрылыс барысында жалпы ұзындығы 39,28 шақырым болатын диаметрі 500 миллиметрлік екі магистральды полиэтилен су құбыры тартылды. Сонымен қатар көлемі 500 текше метр болатын екі және көлемі 5 мың текше метр болатын екі су резервуары салынды. Жоба аясында 14 су алу ұңғымасы бұрғыланды. Оның ішінде 12-сі жұмысшы, 2-еуі резервтік ұңғыма. Екі қосалқы станция мен суды тазарту қондырғылары орнатылып, барлық инженерлік жүйелер толық іске қосылды.
Жаңа су құбырының іске қосылу рәсіміне қатысқан шардаралықтар Мемлекет басшысына, Үкіметке және жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛДЫ: ШАРДАРА ҚАЛАСЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛДЫ