Құрылтай депутаттарын сайлау науқанының шешуші кезеңі басталды. Дауыс беру күні қарсаңында партиялардың өңірлердегі жұмысы жаңа сипат алып, бұған дейінгі кездесулер мен пікір алмасулардың негізгі бағыттары жинақталды. Сайлауалды сапарлар барысында кандидаттар елді мекендердегі ахуалмен танысып қана қоймай, өндіріс орындары, әлеуметтік мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен кәсіби орта өкілдерінің пікірлерін тыңдады.
Соңғы күндердегі партиялардың жұмысы бір ғана тақырыппен шектелмеді. Әр өңірдің ерекшелігіне қарай өндіріс пен ауыл шаруашылығы, әлеуметтік саясат, экология, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, инфрақұрылым және жұмыспен қамту мәселелері алдыңғы қатарға шықты.
Қостанай облысында «Әділет» партиясының өкілдері өндірістік сектордың мәселелеріне назар аударды. Кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесулерде отандық өндірістің әлеуеті, білікті мамандар даярлау, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктер сөз болды. Өңір жұртшылығымен кездесуде ауыл мектептерінің жағдайы, коммуналдық желілерді жаңарту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кездесулерінде әлеуметтік қолдау мәселелері басым болды. Қостанай мен Семейдегі кездесулерде ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайы, инклюзивті орта қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік мекемелердегі қызмет көрсету сапасы мен еңбек ұжымдарының құқықтары талқыланды.
Экологиялық мәселелер «Байтақ» партиясының өңірлердегі жұмысының негізгі бағыттарының бірі болды. Тараздағы сарапшылармен кездесу барысында қалдықтарды басқару және елді мекендерді көгалдандыру мәселелері қаралды. Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында да тұрғындармен және жергілікті қауымдастықтармен кездесулер өткізіліп, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ұсыныстар таныстырылды.
Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік сала мен қоғамдық инфрақұрылымның қолжетімділігіне назар аударды. Медицина қызметкерлерімен кездесулерден бөлек, сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар азаматтарға қаншалықты қолжетімді екені зерделенді. Мәдениет саласының өкілдерімен өткен пікір алмасуда музей қорларын цифрландыру және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері қаралды.
Жастардың сайлауалды науқанға қатысуы «Ауыл» партиясының бастамаларынан да көрінді. Орал қаласында өткен «Біздің таңдауымыз» флешмобына шамамен 200 адам қатысты. Іс-шара азаматтық белсенділік пен жастардың қоғамдық өмірге араласуына бағытталды.
«Ақ жол» партиясы еңбек ұжымдарымен кездесулерінде әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталды. Астанадағы кездесуде медициналық сақтандыру, ең төменгі жалақы, зейнетақы және көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселелері талқыланды. Батыс Қазақстан облысында өндіріс, ауыл шаруашылығы және білім беру салалары қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалды.