Науқанның соңғы аптасы – партиялар дауыс беруге санаулы күн қалғанда өңірлерді аралауды аяқтап жатыр

Құрылтай депутаттарын сайлау науқанының соңғы аптасы басталды. Дауыс беруге санаулы күн қалғанда партиялардың сайлауалды штабтары өңірлердегі жұмысын қорытындылап, бұған дейінгі сапарлар аясында көтерілген мәселелерді жинақтауға кірісті. Кандидаттар өндіріс орындарына, әлеуметтік нысандарға және қоғамдық алаңдарға барып, тұрғындар мен еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдады.

Сайлауалды сапарлардың соңғы кезеңінде партиялардың күн тәртібі өңірлердің ерекшелігіне қарай қалыптасты. Бірқатар кездесулерде экономиканы және өндірісті дамыту мәселелері көтерілсе, әлеуметтік қолдау, экологиялық қауіпсіздік, білім беру, мәдениет және азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру бағыттары да назардан тыс қалған жоқ.

«Әділет» партиясының республикалық штабы Қостанай облысында еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. KIA Qazaqstan, «Милх», Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі және «Казогнеупор 2015» кәсіпорындарында өткен кездесулерде отандық өндірістің дамуы, кадр мәселесі, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер сөз болды.

Өңірдің қоғамдық өкілдерімен кездесуде коммуналдық инфрақұрылым, ауыл мектептерінің жағдайы, шағын жинақты мектептердің болашағы және цифрлық инфрақұрылым мәселелері талқыланды. Қостанай облысы партия штабының өңірлерді қамтыған сапарларының соңғы бағыттарының бірі болды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия әлеуметтік мәселелерге басымдық берді. Қостанайдағы кездесуде ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау және инклюзивті ортаны дамыту мәселелері қозғалды. Семейде медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен қызмет алушыларымен кездесуде әлеуметтік саладағы еңбек жағдайлары, еңбекақы және қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер қарастырылды.

«Байтақ» партиясы экологиялық бағыттағы кездесулерін жалғастырды. Таразда сарапшылар, ҮЕҰ және журналистердің қатысуымен экологиялық мәселелерге арналған пікірталас өтті. Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, көгалдандыру және экологиялық бастамаларды дамыту тақырыптары талқыланды. Хромтау және Түпқараған аудандарында да жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ұсыныстар айтылды.

Қазақстан Халық партиясы медицина, әлеуметтік қорғау, мәдениет және сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігі бағыттарына назар аударды. Алматыда медицина қызметкерлерімен кездесу өтіп, денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері сөз болды. Сонымен қатар сайлау учаскелеріндегі мүгедектігі бар азаматтарға арналған жағдайлар зерделенді. Мәдениет өкілдерімен пікір алмасу барысында тарихи-мәдени мұраны сақтау және музей қорларын цифрландыру мәселелері көтерілді.

Жастардың қоғамдық белсенділігі «Ауыл» партиясының іс-шараларынан көрініс тапты. Орал қаласында партия кандидаттары мен Auyl Jastary еріктілері «Біздің таңдауымыз» атты флешмоб өткізіп, оған 200-ге жуық адам қатысты.

«Ақ жол» партиясының өкілдері Астанада «Астана-Теплотранзит» кәсіпорнының 140-тан астам қызметкерімен кездесті. Әңгіме барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, жалақы мен зейнетақы мөлшерін есептеу, сондай-ақ көпбалалы отбасыларды ипотекалық қолдау мәселелері қаралды.

Батыс Қазақстан облысында партия өкілдері ауыл шаруашылығы және білім беру саласының қызметкерлерімен жүздесті. «Ringo Milk» кешенінің еңбек ұжымымен және Оралдағы №24 «Күншуақ» бөбекжай-бақшасы қызметкерлерімен кездесулерде өндіріс, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.

Respublica партиясы Солтүстік Қазақстан облысында өңір экономикасының дамуына қатысты мәселелерге назар аударды. Петропавлда құрылыс нысаны мен электротехникалық кәсіпорынға барған кандидаттар жұмыс орындарын құру, кадр тапшылығы, баға тұрақсыздығы және өнім өткізу мәселелерімен танысты. Партия жақтастарымен өткен кездесуде білім беру мен студенттік инфрақұрылым мәселелері де қаралды.

Партиялардың соңғы апталық жұмысы сайлауалды науқанның өңірлік кезеңінің мазмұнын айқындаған негізгі бағыттарды көрсетті. Өңірлерде көтерілген мәселелер азаматтардың күнделікті өміріне тікелей қатысты болды. Атап айтқанда, жұмыс орындарын көбейту, өндірісті қолдау, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, ауылдық инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық жағдайды жақсарту және азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мәселелері алдыңғы қатарда тұрды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *