Дауыс беруге екі апта қалды: Қазақстандағы сайлауалды науқан қалай өтіп жатыр

Құрылтай сайлауына екі аптадан аз уақыт қалды. Дауыс беру күні жақындаған сайын Қазақстандағы сайлауалды науқанның қарқыны артып келеді. 12 тамызда саяси партиялар еліміздің өңірлерінде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен, жастармен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен кездесіп, қоғам үшін өзекті мәселелерді талқылады.

Сайлауалды күннің басты тақырыптары қатарында инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту, өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы, экология, әлеуметтік мәселелер және азаматтардың құқықтарын қорғау болды. Сонымен қатар кешке Jibek Joly телеарнасында жеті саяси партияның қатысуымен «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында командалық теледебат өтті.

Өңірлердегі кездесулер: жергілікті мәселелерге басымдық

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Жетісу облысында бірқатар кездесу өткізді. Айбек Дәдебай бастаған штаб өкілдері спортшылармен, қоғам белсенділерімен, аграршылармен және еңбек ұжымдарымен жүздесті. Кездесулер барысында суару каналдарын жаңғырту, ауыл инфрақұрылымын дамыту және отандық өндірісті қолдау мәселелері көтерілді.

Халықаралық жастар күніне орай жастармен өткен кездесуде экологиялық күн тәртібі мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызы талқыланды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Семей қаласында тұрғындармен «Ауданның интерактивті картасы» форматында кездесті. Азаматтар абаттандыру, су бұру, жарықтандыру және көлік қатынасына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Партия мәліметінше, тұрғындардың өтініштері сайлаушылар аманатының тізіліміне енгізілді.

Ақтөбеде партия өкілдері жастар қанатымен бірлесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстыруға бағытталған ақпараттық шара ұйымдастырды.

«Байтақ» партиясы Теміртауда сайлауалды бағдарламасын таныстыру жұмыстарын жалғастырды. Шығыс Қазақстан облысында партия өкілдері тұрғындармен кездесіп, ауызсудың сапасы, абаттандыру және экология мәселелерін талқылады. Батыс Қазақстан облысында партия өкілдері ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының халықаралық байқаушыларымен кездесіп, өңірдегі сайлауалды науқанның барысын таныстырды.

Қазақстанның халық партиясы Атырау мен Түркістан өңірлерінде еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде еңбек құқықтары, қаланы абаттандыру, жұмыспен қамту, өндірісті дамыту және әлеуметтік жағдай мәселелері сөз болды.

«Ауыл» партиясының кандидаттары бірнеше өңірде еңбек ұжымдарымен және аграрлық сала өкілдерімен пікір алмасты. Маңғыстауда өндірістік әлеует пен жұмысшылардың құқықтарын қорғау, Жетісуда кәсіпкерлікті қолдау және еңбек жағдайлары, Алматыда аграрлық ғылым мен өндірісті дамыту мәселелері талқыланды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Павлодар облысындағы ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. Партия өкілдері сондай-ақ Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында және Шымкент қаласында сайлаушылармен кездесулер жалғасатынын хабарлады.

Respublica партиясы Атырау облысында бірқатар кәсіпорынның еңбек ұжымдарымен жүздесті. Кездесулер барысында білім беру, тұрғын үйді жалдау құны, білім гранттары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, жол инфрақұрылымы, электрмен қамту және зейнет жасы мәселелері көтерілді.

Партия өкілдері сондай-ақ 5,6 гектар аумақта орналасқан «Айдана Агро» шаруашылығына барып, ауыл шаруашылығындағы өндіріс пен жұмыспен қамту мәселелерімен танысты. Шаруашылықта 80 адам еңбек етеді.

«Заң мен тәртіп» тақырыбындағы теледебат

Сайлауалды науқанның маңызды оқиғаларының бірі – Jibek Joly телеарнасында өткен командалық теледебат болды. Оған жеті саяси партиядан 14 спикер қатысты.

Теледебат төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы раундта партиялар өз ұстанымдарын таныстырып, саяси бағдарламаларына тоқталды. Екінші кезеңде спикерлер журналистер мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Үшінші кезеңде партия өкілдері арасында тікелей пікірталас өтті. Ал «Уәде» деп аталған қорытынды кезеңде қатысушылар сайлаушылар алдындағы негізгі міндеттемелерін ортаға салды.

Пікірталас барысында сот тәуелсіздігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтығы, кәсіпкерлікті қолдау, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп және ірі бизнестің жауапкершілігі сияқты мәселелер талқыланды.

Партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларындағы негізгі басымдықтарды таныстырып қана қоймай, қарсы тараптардың ұстанымдарына қатысты сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Теледебат қорытындысында Jibek Joly телеарнасының тапсырысы бойынша жүргізілген онлайн сауалнамада көрермендердің нақты дебаттағы сөз сөйлеулерге берген бағасы жарияланды. Ұйымдастырушылар бұл нәтиже партиялардың жалпы электоралдық қолдау деңгейін көрсетпейтінін, тек теледебат барысындағы сөз сөйлеулерге көрермендердің берген бағасы екенін атап өтті.

Сайлауалды науқанның басты ерекшелігі – ашық пікір алмасу

12 тамыздағы сайлауалды күн партиялардың үгіт-насихат жұмыстарын әртүрлі форматта жүргізіп отырғанын көрсетті. Өңірлердегі кездесулерде азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер көтерілсе, теледебатта елдің құқықтық және қоғамдық дамуына қатысты жалпыұлттық мәселелер талқыланды.

Сайлау науқанының соңғы кезеңінде партиялардың сайлаушылармен кездесулері мен пікірталастары жалғаса береді. Азаматтар үшін бұл кезең – партиялардың бағдарламаларымен танысып, олардың ұсыныстары мен ұстанымдарын салыстырып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік беретін маңызды уақыт.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *