Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, білім саласының мамандары, педагогтер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Конференция барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу мәселелері қозғалды. Алқалы жиында алғысөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, алдағы мақсаттарды айқындады. Сонымен қатар облыс басшысы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады. – Бүгінгі басқосуымыз ел өміріндегі тарихи өзгерістер кезеңінде өтіп отыр. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен жаңа Конституциямыз қабылданып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жауапты кезең басталды. Ата Заңымыз азаматтардың әлеуетін, білім мен ғылымды дамытуды мемлекеттік саясаттың өзекті әрі басты стратегиялық басымдығы етіп белгіледі. Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Қазіргі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект дәуіріне, яғни адамның ойлау мүмкіндігін компьютерлік жүйелер арқылы модельдеу кезеңіне аяқ басты. Сондықтан, жаңа Конституция жүктеген жауапкершілік пен заманауи технологияларды білім саласына тиімді енгізу – біздің басты міндетіміз. Еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы біздің өңірге тиесілі. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алады. Жаңа оқу жылында облыс бойынша 1-сыныпқа 50 мыңнан астам бала қабылданады. Яғни, Қазақстандағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысының тұрғыны. Бұл көрсеткіш – жауапкершілік пен үлкен міндеттер жүктейді.
Түркістан облысында білім саласын дамытудың басым бағыттары белгіленді