Партиялар Құрылтай сайлауы алдындағы өңірлік сапарларын аяқтап жатыр

Құрылтай депутаттарын сайлау науқанының соңғы күндері жақындаған сайын партиялардың өңірлердегі жұмысы да қорытынды кезеңге өтті. Сайлауалды штабтар ел аймақтарындағы кездесулерін жалғастырып, азаматтармен ашық пікір алмасу, еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдау және кәсіби қауымдастықтармен өзекті мәселелерді талқылау бағыттарына назар аударды.

Сапарлардың соңғы кезеңінде партия өкілдері түрлі салалардағы нақты мәселелерге тоқталды. Өндірістік кәсіпорындардағы еңбек жағдайынан бастап ауыл мектептерінің жай-күйіне, әлеуметтік қолдаудан экологиялық бастамаларға дейінгі тақырыптар көтерілді. Бұл ретте әр өңірдің өзіндік ерекшелігі мен тұрғындардың сұраныстары кездесулердің мазмұнына әсер етті.

«Әділет» партиясы Қостанай облысында өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен жұмысын жалғастырды. Қостанайдағы KIA Qazaqstan және «Милх» кәсіпорындарында, Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі мен «Казогнеупор 2015» кәсіпорнында өткен кездесулерде өндірістік әлеуетті арттыру, мамандар даярлау, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктер мәселелері қаралды.

Өңір жұртшылығымен кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және қоғамдық сектор өкілдері өз ұсыныстарын білдірді. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту, ресурстарды тиімді бөлу, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды. Шағын жинақты мектептердің болашағы мен ауылдық жерлердегі тірек білім беру ұйымдарының желісін кеңейтуге қатысты ұсыныстар да айтылды. Сонымен бірге цифрлық инфрақұрылымды дамыту және интернетке қолжетімділікті арттыру мәселелері қозғалды.

Әлеуметтік бағыттағы мәселелер Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кездесулерінде кеңінен талқыланды. Қостанайда ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету және инклюзивті ортаны жетілдіру мәселелері қаралды.

Семейдегі кездесуде медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлері мен қызмет алушылар өзекті мәселелерін ортаға салды. Мұнда әлеуметтік қызметтердің көрсетілу жағдайы, қызметкерлердің еңбекақысы және еңбек құқықтарын сақтау мәселелеріне назар аударылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *