ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА КІТАПХАНАСЫ БАР 75 ОРЫНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ
▪️Түркістан облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде мәдениет саласын қолдау және ауылдық елді мекендердің әлеуетін арттыру мақсатында жаңа нысандар ел игілігіне беріліп жатыр.
▪️Сарыағаш ауданына қарасты Тегісшіл ауылдық округінің Мәдениет ауылында кітапханасы бар 75 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мәдениет ошағының ашылуымен құттықтады.
📌– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, елдігіміздің айнасы. Облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Оның ішінде Сарыағаш ауданында 5 мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Бүгінгі жаңа мәдениет үйі – осы жұмыстардың нақты нәтижесі. Мәдениет ауылы – ауызбіршілігі жарасқан, көркейген елді мекен. Ауыл тұрғындары Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын табысты жүзеге асырып, 2024 жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында ІІ орын алды. Сол кезде мәдениет үйін салуға қолдау көрсететінімді айтқан болатынмын. Нәтижесінде облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа мәдениет үйі ел игілігіне тапсырылды. Сонымен қатар өткен жылы облыстық бюджеттен 31 миллион теңге бөлініп, балаларға арналған спорт және ойын алаңшасы салынды. Бұл мәдениет үйі – жай ғана ғимарат емес. Бұл – ауыл тұрғындарының басын қосатын, өнер мен руханиятты дәріптейтін, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени орталық. Түркістан өңірі – мәдениеті мен руханияты терең тамыр жайған қасиетті өлке. Сондықтан мәдениет ошақтарының көбеюі өңірдің рухани әлеуетін арттырып, ұлттық мұрамызды келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, өнер мен руханияттың ордасына айналсын, – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Салтанатты рәсімнен кейін ауыл ақсақалдары мен облыс әкімі жаңа мәдениет үйінің лентасын қиып, нысанды ресми түрде ел игілігіне тапсырды.
▪️Заманауи талаптарға сай салынған нысанда 75 орындық көрермен залы, кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер мен қызметтік бөлмелер қарастырылған. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, түрлі іс-шаралар өткізуге және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға кең мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *