Құрылтай депутаттарын сайлауға санаулы күн қалды. Сайлауалды науқанның қорытынды кезеңінде партиялардың республикалық штабтары өңірлердегі кездесулерін аяқтап, сайлаушылармен тікелей диалогқа басымдық беруде. Соңғы сапарлар барысында кандидаттар өз бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып қана қоймай, тұрғындар мен еңбек ұжымдарының ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, өңірлер үшін маңызды мәселелерді талқылады.
18 тамыздағы партиялардың жұмысы елдің бірнеше өңірін қамтыды. Кездесулердің мазмұны жергілікті ерекшеліктерге қарай әртүрлі болғанымен, олардың ортақ өзегі – азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді талқылау және сайлаушылармен кері байланысты күшейту.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Қостанай облысында еңбек ұжымдарымен кездесті. Қостанайдағы KIA Qazaqstan және «Милх» кәсіпорындарында, сондай-ақ Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі мен «Казогнеупор 2015» кәсіпорнында өткен кездесулерде отандық өндірісті дамыту, білікті кадр даярлау, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктер мәселелері көтерілді.
Өңір жұртшылығымен өткен кездесуге білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және үкіметтік емес ұйымдар саласының өкілдері қатысты. Талқылау барысында ресурстарды бөлу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және ауыл мектептерінің жағдайы сөз болды. Әсіресе шағын жинақты мектептердің жұмысын жетілдіру және ауылдық жерлерде тірек білім беру ұйымдарының желісін дамыту мәселесіне назар аударылды. Сонымен қатар кең жолақты интернетке қолжетімділікті кеңейту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Қостанай облысы штабтың ел бойынша сапарларының қорытынды кезеңіндегі өңірлердің бірі болды. Бұған дейін партия өкілдері еліміздің 18 өңірінде кездесулер өткізген.