Құрылтай сайлауына санаулы күндер қалды. Дауыс беру күні жақындаған сайын саяси партиялардың сайлауалды жұмысы да қарқын алып, үгіт-насихат жұмыстары бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Партия өкілдері өңірлерде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен кездесіп, жергілікті мәселелерді талқыласа, ақпараттық кеңістікте теледебаттар мен пікірталастар ұйымдастырылуда. 12 тамыздағы сайлауалды күн осы үдерістің мазмұндық әрі форматтық тұрғыдан әркелкі болғанын көрсетті. Партиялар инфрақұрылым, жұмыспен қамту, өндіріс, ауыл шаруашылығы, экология, әлеуметтік сала және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударды. Өңірлердегі кездесулер – жергілікті мәселелер мінбері Сайлауалды науқанның маңызды бағыты – азаматтармен тікелей кездесулер. Өңірлерге барған партия өкілдері тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, өз бағдарламаларында көрсетілген мәселелерді түсіндіруде. Жетісу облысында «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы тұрғындармен, аграршылармен, спортшылармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде суару каналдарын жаңғырту, ауыл инфрақұрылымын дамыту, отандық өндірісті қолдау және экологиялық мәселелер көтерілді. Семей қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия тұрғындармен интерактивті карта форматында кездесу өткізіп, абаттандыру, су бұру, жарықтандыру және көлік қатынасына қатысты ұсыныстарды жинақтады. «Байтақ» партиясы Теміртау, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Партия өкілдері экология, ауызсудың сапасы және абаттандыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында халықаралық байқаушылармен кездесу өтті. Қазақстанның халық партиясы Атырау мен Түркістанда еңбек ұжымдарымен кездесіп, еңбек құқықтары, жұмыспен қамту, өндірісті дамыту және әлеуметтік жағдай мәселелерін талқылады. Ал «Ауыл» партиясы аграрлық сала өкілдерімен және кәсіпорын қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, өндірістік әлеует, кәсіпкерлікті қолдау және еңбек жағдайларына қатысты мәселелерді көтерді. «Ақ жол» демократиялық партиясы Павлодар облысындағы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Respublica партиясы Атырау облысындағы бірнеше кәсіпорынның қызметкерлерімен пікір алмасты. Кездесулерде білім беру, тұрғын үй, әлеуметтік медициналық сақтандыру, жол инфрақұрылымы, электрмен қамту және еңбек мәселелері сөз болды. Партия өкілдері сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорындардағы кездесулердің өзегі – еңбек пен өндіріс Сайлауалды науқан барысында еңбек ұжымдарымен кездесулердің үлесі артып отыр. Мұндай формат партияларға жұмысшылардың күнделікті мәселелерін тікелей тыңдауға мүмкіндік береді. Кәсіпорындардағы кездесулерде еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарын сақтау және көбейту, өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік кепілдіктер мен еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері көтерілді. Бұл ретте өңірлердегі күн тәртібі біркелкі емес. Бір жерде ауызсу мен жол мәселесі алдыңғы қатарға шықса, екінші өңірде ауыл шаруашылығы, өндіріс немесе жұмыспен қамту мәселелері басымдыққа ие. Осы ерекшелік сайлауалды кездесулердің жергілікті проблемаларға бейімделіп отырғанын көрсетеді. Теледебат: партиялар өз ұстанымдарын ортаға салды Сайлауалды бәсекенің тағы бір маңызды алаңы – телевизиялық пікірталас. 12 тамыз күні Jibek Joly телеарнасында жеті саяси партияның қатысуымен «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында командалық теледебат өтті. Дебатқа әр партиядан екі өкілден, барлығы 14 спикер қатысты. Пікірталас бірнеше кезеңнен тұрып, қатысушылар өз бағдарламаларын таныстырып, журналистер мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ партия өкілдері бір-біріне тікелей сұрақ қойып, өз ұстанымдарын қорғады. Пікірталас барысында заң үстемдігі, сот тәуелсіздігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың ашықтығы, қоғамдық қауіпсіздік, кәсіпкерлік, жол сапасы және ірі бизнестің жауапкершілігі секілді мәселелер талқыланды. Теледебаттың ерекшелігі – сайлаушыларға партиялардың ұстанымдарын салыстырып, бір мәселе бойынша әртүрлі көзқарастарды қатар тыңдауға мүмкіндік беруінде. Сайлауалды күн тәртібі кеңейіп келеді Осылайша, сайлауалды науқан бір ғана форматпен шектелмей, бірнеше қоғамдық алаңда қатар өтіп жатыр. Өңірлерде тұрғындардың нақты мәселелері талқыланса, кәсіпорындарда еңбек пен өндіріс тақырыбына басымдық берілуде. Ал теледебаттарда партиялардың саяси ұстанымдары ашық пікірталас арқылы саралануда. Дауыс беру күні жақындаған сайын сайлауалды науқанның мазмұны да кеңейе түсуде. Бұл кезең сайлаушыларға партиялардың бағдарламаларымен танысып, олардың ұстанымдарын салыстыруға және өз таңдауын саналы түрде жасауға мүмкіндік береді.
Өңірлер, кәсіпорындар, теледебаттар: сайлауалды тартыс бір мезетте бірнеше алаңда өтті