«Әділет» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар Бәйдібек ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, партияның «Әділетті болашақ үшін» атты бес жылдық сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиында ауылдық аумақтарды дамыту, аграрлық саланы қолдау, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті өркендету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесуге «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сайлауалды штаб мүшелері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты. Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешу жолдары сөз болды.
Алмас Салимов өз сөзінде Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұратынын ескеріп, ауыл шаруашылығын дамыту өңір экономикасының негізгі басымдықтарының бірі болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, аграрлық секторды қолдау, шаруалардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту және су ресурстарын тиімді пайдалану ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына негіз болады.
Осы бағытта сайлауалды бағдарламада су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, суару каналдарының тиімділігін арттыру, жаңа су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды дамыту мәселелері қамтылған. Бұл шаралар шаруалардың өнімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығы саласындағы шығындарды оңтайландыруға және дайын өнімнің қосымша құнын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өңдеу кәсіпорындарының дамуы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Экономиканы әртараптандыру және тұрғындардың тұрақты табысын қамтамасыз ету мақсатында өңірге инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Бәйдібек ауданында кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және жергілікті экономикалық белсенділікті арттыру арқылы халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, бағдарламаның әлеуметтік бағыттары аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, жастардың кәсіби біліктілігін арттыру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау, отбасыларды қолдау және медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту мәселелері қарастырылған. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтерудің маңызды тетіктері ретінде белгіленді.
Партия өкілдері ауыл мен қала тұрғындары арасында мүмкіндіктер теңдігін қалыптастыру, ауылдық елді мекендердің даму қарқынын арттыру және өңірдің экономикалық әлеуетін толық пайдалану сайлауалды бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі екенін жеткізді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік қолдау бағыттарын өзара үйлестіре дамыту арқылы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жол ашылатыны айтылды.
Тапсырыс беруші: Салимов А.А.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді