Халықаралық әйелдер кәсіпкерлігі күніне орай «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының Әйелдер қанаты «Жаңа тарихи кезеңдегі әйелдер кәсіпкерлігі: әлеует пен жауапкершілік» тақырыбында пікір алмасу алаңын ұйымдастырды. Іс-шара барысында әйелдердің бизнес саласындағы әлеуетін арттыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және экономикалық белсенділікті дамыту мәселелері талқыланды.
Басқосуға кәсіпкер әйелдер, бизнес саласының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен партия белсенділері қатысып, әйелдер кәсіпкерлігінің қазіргі жағдайы, кездесетін кедергілер және оны дамытудың перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Жиынды «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева жүргізді. Ол әйелдер кәсіпкерлігінің экономикалық және әлеуметтік маңызына тоқталып, бұл бағытты дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, отбасылардың әл-ауқатын арттыруға, халықтың табыс көздерін кеңейтуге және өңір экономикасының өсуіне ықпал ететінін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттер аясында шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік қалыптастыру, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және цифрлық экономиканы дамыту мәселелеріне назар аударылды. Қазіргі жағдайда әйелдердің кәсіпкерлікке араласуына қолайлы орта қалыптастыру, олардың білімін жетілдіру және жаңа технологияларды меңгеруіне мүмкіндік беру маңызды екені айтылды.
Пікір алмасу алаңында Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, «Ауылдық жерлерде әйелдер бизнесін дамытуға жәрдемдесу» бағытының жетекшісі Зухра Амирова ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнес бастамаларды қолдау және кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, ауылдық жерлердегі әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау жергілікті экономиканы дамытуға және жұмыспен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және цифрлық қоғамды қолдау» бағытының жетекшісі Инара Намазбаева әйелдердің экономикалық дербестігін нығайту, цифрлық сауаттылығын арттыру және заманауи технологияларды бизнес үдерістеріне енгізу қажеттілігіне тоқталды. Цифрлық құралдарды тиімді пайдалану кәсіпкерлердің нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, өнімдер мен қызметтерді ілгерілетуге, тұтынушылармен байланыс орнатуға және бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашатыны атап өтілді.
Сондай-ақ «Асыл-LTD» ЖШС директоры Динара Егамбердиева мен «Барыс Құрылыс» ЖШС директоры, облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Мадина Исламқызы Ислам кәсіпкерлік саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, бизнес жүргізу барысында кездесетін мүмкіндіктер мен қиындықтар жөнінде ойларын ортаға салды. Олар кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруда табандылық, кәсіби білім, тиімді жоспарлау және қолдау тетіктерінің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараның пікір алмасу бөлімінде кәсіп ашуға ниетті азаматтарды қолдау, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін дамыту, кәсіпкерлік білім беру, цифрлық дағдыларды жетілдіру және бизнестің дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Қатысушылар әйелдердің кәсіпкерлік ортада өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жағдайларды қалыптастыру жөнінде бірқатар ұсыныстар білдірді.
Жиынды қорытындылаған Қалыйма Жантөреева әйелдердің іскерлік әлеуетін дамыту мен кәсіпкерлік бастамаларын қолдау партия жұмысының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар басқосу барысында айтылған ұсыныстар мен мәселелерді назарға алып, оларды тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелерге жеткізуге мүдделі екенін білдірді.
Тапсырыс беруші: Салимов А.А.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді