Түркістан облысы Полиция департаментінде полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаровтың төрағалығымен кеңейтілген жедел кеңес өтіп, 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындылары шығарылды.
Департамент басшылығы, аппарат қызметтері мен аумақтық полиция құрылымдарының басшылары қатысқан жиында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Кеңесті ашқан Арыстанғани Заппаров Мемлекет басшысы белгілеген «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру ішкі істер органдары қызметінің басым бағыты болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар жеке құрамға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің ІІМ алқа мәжілісінде жүктеген тапсырмаларын жеткізіп, заңдылықты нығайтуға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған жұмысты жүйелі жалғастыруды міндеттеді.
Жыл басынан бері қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде облыста қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 7,7 %-ға, ал қылмыстар 7,9 %-ға төмендеді. Қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық, оның ішінде пәтер ұрлығы, алаяқтық және интернет-алаяқтық қылмыстарының азаюы тіркелді.
Сондай-ақ аса ауыр қылмыстарды, адам өлтіруді, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, қарақшылықты, тонауды, бопсалауды және бұзақылықты ашу көрсеткіші 100%-ды құрады.
Бұдан бөлек қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған қылмыстардың, сондай-ақ бұрын сотталған тұлғалар жасаған құқық бұзушылықтардың саны төмендеп, жол-көлік оқиғаларының азаю үрдісі байқалды.
Кеңес барысында қайталама қылмыстың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қала және аудандық полиция бөлімдерінің басшыларына шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әрі әкімшілік қадағалауда тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмысты күшейтіп, электрондық бақылау құралдарын тиімді пайдалану тапсырылды.
Алдағы кезеңге интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халық арасында профилактикалық әрі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру негізгі басымдық ретінде белгіленді.
Сонымен қатар ҚР ІІМ жариялаған «Балалар жылы» аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, жасөспірімдер қылмысының, буллингтің, зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту тапсырылды.
Кеңес қорытындысында департамент басшылығы қызмет барысында анықталған кемшіліктерге талдау жасап, оларды жою бойынша нақты міндеттер жүктеді. Басшыларға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және ішкі істер органдарына деген азаматтардың сенімін күшейту бағытында қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі