Қазығұрт аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқаны кезеңінде учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларын, төрағаларының орынбасарларын және мүшелерін каскадты оқыту кезеңдеріне сәйкес даярлау жөніндегі іс-шаралар жоспарына орай оқыту семинары өткізілді. Маңызды жиынға Қазығұрт және Қарабау ауылдық округтерінде орналасқан учаскелік сайлау комиссияларының өкілдері қатысты.Семинарды Қазығұрт аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Р. Бөбетов ашып, алдағы сайлау науқаны барысында комиссиялардың қызметін заң талаптарына сәйкес ұйымдастырудың аса маңызды екеніне тоқталды. Одан кейін баяндама жасаған А. Ақынғазиева «Мүгедектігі бар азаматтармен жұмысты ұйымдастыру» тақырыбын қозғап, ерекше қажеттіліктері бар жандардың сайлау құқықтарын іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ дауыс беру процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды егжей-тегжейлі түсіндірді.Семинардың практикалық бөлімінде қатысушылар топтарға бөлініп, сайлау күні туындауы мүмкін түрлі жағдаяттар бойынша тәжірибелік тапсырмаларды орындады. Комиссия мүшелері берілген тапсырмаларға заң аясында нақты жауаптар әзірлеп, бір-бірінің ұсыныстарын толықтырып отырды.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, өзара пікір алмасу ұйымдастырылды. Бұл өткізілген оқу-жаттығу шарасы учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыруға және алдағы сайлау науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыруға зор септігін тигізеді.