«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛГЕН

​Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында бүгін Сарыағаш ауданында жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылып, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Тазалық жұмыстары таңғы сағат 09:00-ден басталып, аудан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелері мен қоғамдық орындарында жүргізілді.

Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен өткен сенбілікке аудандық сенбілікке 13 ауылдық округ пен қала, аудандық бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, мемлекеттік және қоғамдық қызметкерлер, аудан жастары мен еріктілер белсенді түрде қатысты.

Сенбілік барысында көшелер мен жол жиектеріне бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Сонымен қатар арамшөптер орылып, айналаны көріктендіру мақсатында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Көшелердің бойындағы ретсіз өскен және қураған бұтақтар кесіліп, ағаштар мен жасыл желектердің күтіміне де ерекше көңіл бөлінді.

Тазалық жұмыстарына қатысушылар қоғамдық орындардың, көше бойларының және жол жиектерінің тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаны абаттандыру мен көгалдандыруға үлес қосты. Мұндай жұмыстар елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тазалық – баршаға ортақ міндет. Аудан тұрғындарының сенбілікке белсенді қатысуы туған өлкені таза ұстауға деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетеді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

#Таза_Қазақстан

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *