​ТҮРКІСТАН: САЯСИ ПАРТИЯЛАР ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР-КЕҢЕС ӨТТІ

Бүгін өңірде 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясында саяси партиялардың өкілдеріне арналған «Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары сайлауының кейбір ерекшеліктері» тақырыбында маңызды семинар-кеңес өтті. Аталған жиынға республикамызда тіркелген жеті партияның өкілдері қатысты.
Жиында Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Аңсар Жаңабайұлы алдағы тарихи сайлаудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Өз сөзінде ол 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы – жаңа Конституция негізінде ұйымдастырылатын алғашқы жалпыхалықтық науқан екенін атап өтті.
«Бұл сайлау – жаңа заң шығарушы органның қалыптасуына негіз қалайтын тарихи оқиға. Біздің басты міндетіміз – заң талаптарын бұлжытпай сақтау, процестің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету жəне дауыс беру қорытындыларына қоғамның сенімін нығайту», – деді Аңсар Жаңабайұлы.
«Қазақстан Республикасы құрылтайының депутаттары сайлауының ерекшеліктері» туралы Түркістан облысының аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Мұрат Базарқұлов баяндама жасап, саяси партиялардың сенімді өкілдерінің құқықтары мен міндеттеріне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуде өкілдердің заң шеңберінде жұмыс істеуі мен жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, қатысушыларға дауыс беру барысын бақылаудың құқықтық негіздері мен заң бұзушылықтардың алдын алу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Семинар-кеңесте сайлау процесінің өзге де маңызды бағыттары бойынша арнайы баяндамалар жасалып, өзекті мəселелер ортаға салынды. Атап айтқанда, Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны кезеңінде саяси партиялардың сенім білдірілген адамдары мен байқаушыларының жұмысын ұйымдастыру мəселелері жəне үгіт жүргізудің нақты тəртібі туралы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қайратбек Мырзакелдиев пен Кентау қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Садуов сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде сайлау учаскелеріндегі байқаушылардың құқықтары мен міндеттерін, дауыс беру барысын бақылаудың заңдық аспектілерін жəне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезіндегі рұқсат етілген нормаларды егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті. Спикерлер сайлаудың əділ əрі ашық өтуі тікелей осы қоғамдық бақылау институттарының кəсіби белсенділігіне байланысты екенін ерекше атап көрсетті.
Бұдан бөлек, заманауи ақпараттық кеңістіктегі жұмыс тəртібі туралы Сайрам ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сəбит Реметов сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда сайлауалды үгіт- насихат жүргізудің құқықтық ерекшеліктеріне тоқталып, əлеуметтік желілерде заң талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін ескертті.
Ал сайлау науқанының заңдылық негіздері бойынша Бəйдібек ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Қырықбаев баяндама жасады. Ол қатысушыларға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының құқықтық негіздерін, кандидаттар мен партиялардың құқықтары мен міндеттерін заң шеңберінде егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Семинарға қатысқан партия өкілдері өздерін толғандырған сауалдарға толыққанды жауап алды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *