Түркістан облысының білім беру жүйесінде педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, ұстаз мәртебесін нығайту және білім ұйымдарын білікті басшылармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыстың орта білім беру ұйымдарында 66 943 педагог еңбек етеді. Олардың 94 пайызы жоғары білімді, ал 4 015 мұғалім магистр дәрежесіне ие. Өңірде педагог тапшылығы жоқ. Дегенмен білім сапасын арттыру үшін мамандардың кәсіби біліктілігін тұрақты жетілдіру маңызды.
Осы бағытта педагогтерді қолдау, әдістемелік жұмыстың мазмұнын жаңарту және үздік тәжірибелерді таратуға басымдық берілген. Мұғалімдерді артық есептіліктен, негізсіз тексерулерден және кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстардан қорғау да назарда.
Білім сапасына мектеп басшыларының басқарушылық қабілеті тікелей әсер етеді. Осыған байланысты «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында 2023-2025 жылдары облыстан 125 педагог басшылық кадр резервіне енгізіліп, олардың 84-і конкурссыз басшылық қызметке тағайындалған. Биыл резервке алынған 56 педагогтің 24-і басшылық лауазымдарға орналасты.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарын басқаруда ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында кадрларды іріктеу тетіктері жетілдірілуде. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап E-qyzmet жүйесі енгізілді. Іріктеу кезінде бағалаудың 80 пайызы тест пен эссеге, 20 пайызы сұхбатқа негізделеді. Үміткерлер анонимді сәйкестендіру арқылы бағаланады.
Педагогтердің кәсіби дамуын жүйелеу мақсатында «Ұстаз» ұлттық платформасы да қолданылуда. Биыл аталған платформа арқылы 5 420 педагог аттестаттауға өтініш берген.
Білім саласындағы басты қағида – мұғалімнің кәсіби еркіндігі мен жауапкершілігін қатар дамыту. Өйткені сапалы білімнің негізі – өз пәнін терең меңгерген, оқушының қабілетін аша білетін және үнемі ізденісте жүретін ұстаз.