Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Курчатовта не өзгерді

Тарихи шешімге 35 жыл толды. Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті. Негізгі тақырыптар – ядролық сынақтардың салдарын жою, радиациялық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану болды

Курчатовта өткен жиынға Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов, Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Мұқанов, Май ауданы әкімінің орынбасары Әділет Сыздықбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Ұлттық ядролық орталық бұған дейін де 35 жылдыққа арналған бірқатар іс-шара ұйымдастырған.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қатысушыларға құттықтау сөзін жолдады.

«Бұл – алдағы міндеттерімізді айқындайтын маңызды уақыт»

Ғұмар Серғазин полигон тарихын Қазақстанның ядролық сынақтардан бейбіт атом саясатына дейінгі жолымен байланыстырды.

«Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы — бұл өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмыстарды саралайтын ғана емес, алдағы міндеттерімізді айқындайтын да маңызды уақыт. Қазақстан үшін полигон тарихы ядролық сынақтардың ауыр салдарынан бейбітшілік, қауіпсіздік және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатына көшу тарихына айналды», – деді Ғұмар Серғазин.

1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылданды. 2026 жылы осы тарихи оқиғаға 35 жыл толып отыр

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *