Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында ел экономикасын цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент цифрлық технологияларды дамытудың басты мақсаты тек заманауи инфрақұрылым қалыптастырумен шектелмей, оның игілігін әрбір азаматтың сезінуіне мүмкіндік жасау екенін атап өтті.
«Наша цель – построить по-настоящему народную цифровую экономику», – деп атап өткен Мемлекет басшысы цифрлық экономиканың негізгі бағыты халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, азаматтардың жаңа табыс көздеріне қол жеткізуіне және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.
Қазіргі таңда цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Азаматтар банк қызметтерін пайдаланып, тауарларға онлайн тапсырыс беріп, қажетті мемлекеттік қызметтерді қашықтан ала алады. Маркетплейстер, жеткізу қызметтері, электрондық төлем жүйелері мен түрлі цифрлық платформалар уақытты үнемдеп қана қоймай, экономикалық белсенділікті арттыруға да ықпал етуде. Қазақстанның цифрлық банкинг және электрондық қызметтер саласында қалыптасқан тәжірибесі осы бағыттағы әлеуеттің жоғары екенін көрсетеді.
Алайда Мемлекет басшысы цифрландырудың келесі кезеңінде қолданыстағы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етумен шектелмей, азаматтардың жеке мүмкіндіктерін кеңейту қажеттігін баса айтты. Яғни интернет тек ақпарат алмасу, ойын-сауық немесе тұтыну алаңы емес, сонымен қатар еңбек етуге, білім алуға, кәсіп бастауға және табыс табуға мүмкіндік беретін маңызды экономикалық кеңістікке айналуы қажет.
Осы тұрғыда смартфонды тек байланыс құралы немесе бос уақытты өткізу құралы ретінде емес, тиімді жұмыс пен заңды табыс табудың заманауи құралы ретінде пайдалану маңызды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыруы тиіс. Бұл цифрлық платформалар арқылы еңбек ететін азаматтардың қызметін реттеуге, олардың құқықтарын қорғауға және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді дамытуға негіз болады.
Цифрлық экономика – қала мен ауыл тұрғындарына ортақ мүмкіндік
Халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыруда азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең мүмкіндікке ие болуы айрықша маңызға ие. Қалада да, шалғай ауылдық елді мекендерде де тұратын азаматтар цифрлық технологияларды тиімді пайдаланып, өз кәсібін дамытуға және тұрақты табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік алуы керек.
Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында цифрлық шешімдерді енгізудің әлеуеті зор. Ауылдағы шағын және орта шаруашылықтар өз өнімдерін электрондық сауда алаңдары арқылы ұсынып, тұтынушылармен тікелей байланыс орната алады. Бұл өнім өткізу нарығын кеңейтуге, делдалдарға тәуелділікті азайтуға және ауыл кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы Үкіметке бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, келесі жылы бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге көмектесетін цифрлық даму жобаларын іске қосуды тапсырды. Мұндай бастамалардың тиімді тәжірибесін кейіннен еліміздің барлық өңіріне тарату көзделіп отыр.
Сонымен қатар мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау шараларын жеке маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялардың және цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру қажеттігі айтылды. Бұл кәсіпкерлерге қаржыландыру алумен қатар, өндірілген өнімді нарыққа шығарудың жаңа тетіктерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар – экономиканың қозғаушы күші
Президент цифрлық экономиканы дамыту жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Қазіргі кезеңде жасанды интеллект, блокчейн, активтерді токенизациялау және цифрлық платформалық экожүйелер әлемдік экономиканың даму бағытын айқындайтын маңызды құралдарға айналып келеді.
Қазақстанда осы бағыттағы инфрақұрылымдық жұмыстар да қолға алынған. Атап айтқанда, суперкомпьютерлер іске қосылып, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс магистралін тарту жұмыстары аяқталған. Бұл бастамалар елдің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, жаңа технологияларды экономиканың түрлі саласына енгізуге негіз қалайды.
Мемлекет басшысы активтерді токенизациялау мүмкіндіктерін толық пайдаланудың маңыздылығына да тоқталды. Активтерді цифрлық ортаға көшіру азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иеленушілерінің қатарына қосылуға мүмкіндік берсе, кәсіпкерлерге капиталды делдалсыз тікелей тартуға жол ашады. Бұл инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтіп, қаржы нарығының дамуына тың серпін беруі мүмкін.
Цифрлық өзгерістердің басты нәтижесі – халықтың әл-ауқаты
Жалпы, халықтық цифрлық экономиканы қалыптастыру – тек технологиялық жаңғыру емес, сонымен бірге қоғамның экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндет. Оның нәтижесі жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, шағын және орта бизнестің дамуы, азаматтардың табыс табу мүмкіндіктерінің кеңеюі және өңірлер арасындағы экономикалық алшақтықтың азаюымен өлшенуі тиіс.
Бұл үдерісте мемлекеттік органдармен қатар ұлттық компаниялар, жеке кәсіпкерлер, білім беру ұйымдары және креативті индустрия өкілдері де белсенді атсалысуы қажет. Әсіресе жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау және жаңа технологияларды күнделікті еңбек қызметінде қолдану дағдыларын қалыптастыру маңызды.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер Қазақстанның технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде қалыптасуына бағытталған. Ең бастысы, цифрлық трансформацияның нәтижесі жекелеген салалардың дамуымен ғана шектелмей, әрбір азаматтың өмір сапасына оң әсер етуі керек.
Осылайша, халықтық цифрлық экономиканың негізгі мәні – заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін бүкіл қоғамның игілігіне бағыттау. Цифрлық даму азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып, кәсіпкерлік пен еңбек нарығын кеңейтіп, Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсіміне берік негіз қалыптастырады.