Түркістан қаласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 200 млрд 542,9 млн теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда, көрсеткіш 84,4 пайызға артқан. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков 9 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылау брифингінде мәлімдеді.
Сондай-ақ, үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 11 млрд 106,4 млн теңгені құрайтын 15 жоба енгiзiлген.
«Өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі – 13 млрд 567 млн теңге. Өнеркәсіп өнімі бойынша қаланың облыс көлеміндегі үлесі 2,9% құрап, облыстағы аудан-қалалар арасында 5-орында тұрақтады. 2021 жылы өнеркәсіп саласында жалпы құны 2 млрд 754 млн теңгені құрайтын 4 жоба іске асырылып, 1 367 жұмыс орны құрылды. Олар: «Turkestan Textile» БК» ЖШС тоқыма жіп өнеркәсібі, жоба құны – 500 млн тенге, 1100 жаңа жұмыс орнымен; «Euro Blok Production» ЖШС газобетон блоктар зауытының құрылысы, жоба құны 113 млн теңге, 10 жаңа жұмыс орнымен; «Спецстрой» ЖШС, жоба құны 1 млрд 100 млн теңге, 241 жұмыс орнымен; «EKP-Group 878» ЖШС бетон зауытының құрылысы, жоба құны 1 млрд 41 млн теңге, 16 жаңа жұмыс орнымен», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
2022-2025 жылдары «Түркістан» индустриалды аймағында 78 млрд 950 млн теңгеге 5 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 1 433 жұмыс орны құрылады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі