Алдымыздағы 2021-2022 оқу жылына орта білімді кадрды даярлау үшін 52 мамандық бойынша 6 мың орынға мемлекеттік грант бөлінді,- деп хабарлайды TurkistanZaman ақпараттық порталы.
Бөлінген гранттардың жартысынан астамы білікті жұмысшы кадрларды, қалған бөлігі орта буын мамандары мен қолданбалы бакалавриат мамандарды даярлауға бағытталып отыр.
2019 жылы «Білім және ғылым» тамыз конференциясының Пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке колледждердің техникалық және кәсіптік білімге (ТиПО) көшу мәселелеріндегі стратегиялық бағдарларды айқындап, кешенді дамытуды тапсырған болатын.
Берілген тапсырмаға орай, 2020 жылдың басынан бастап Түркістан облысында 10 жылға сатып алу құқығынсыз 3 мемлекеттік колледжді сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылданды. Байқау нәтижесі бойынша 3 басқарушы компания анықталып, студенттерді сапалы біліммен және жұмысқа орналастырумен қамтамасыз ету бойынша жауапкершілікті өз мойындарына алды. Сенімгерлікке ие болған колледждерде нәтиже байқалуда.
Сонымен қатар, студенттер дуалды оқыту форматынын қолданып, 40% теория, 60% тәжірибе түрінде білім алып жатыр. Жаңа форматтың арқасында студенттер шәкірақыдан тыс, өндірістік орындардан жалақы алуда.
Ең бастысы, студенттердің сабаққа қатысымы 95%-ға артқан. Жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі де 90%-ға өсті. Заңсыз төлемдер қысқартылып, оқытушыларға өндірістік тәжірибеге қатысқаны үшін қосымша төлемдер ұлғайды.
Айта кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан колледждерді сенімгерлік басқаруға беруге келісім берілген жағдайда, биыл тағы да 10 мемлекеттік колледжді сенімгерлікке беру қарастырылып отыр.