«Әділетті Қазақстан үшін»: «Әділет» партиясының мобильді керуендері елдің 17 облысын аралайды

Ауқымды үгіт-насихат акциясы аясында барлығы алты мобильді топ құрылған

«Әділет» партиясы «Әділетті Қазақстан үшін» атты жалпыұлттық жобасын бастады. Бір ай бойы партиялықтардың мобильді керуендері еліміздің 17 облысындағы жүзге жуық қала, аудан орталығы және шалғайдағы ауылдарды аралайды.

«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер керуеннің алғашқы автобусын аймақтарға аттандырды. Ауқымды үгіт-насихат акциясы аясында барлығы алты мобильді топ құрылған, олардың құрамына кандидаттар, сарапшылар, сенімді тұлғалар мен белсенділерді қосқанда, 200-ге жуық адам кірген.

29 күн бойы керуеннің автобустары 14 мыңнан астам шақырым жол жүрсе, ол кездесулерге алдын ала болжам бойынша 10 мыңнан астам қазақстандық қатысады.Алғашқы бағыттың жетекшісі болып партия Саяси кеңесінің мүшесі, Құрылтай депутаттығына кандидат, белгілі тележүргізуші Армангүл Тоқтамұрат тағайындалды. Оның айтуынша, Қазақстанның 17 облысында алты мобильді топ жұмыс істейді.

Оның айтуынша, бірінші автокеруен Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облыстарына аттанады.

«Біздің команда аудан тұрғындары мен ауыл халқымен кездесіп, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырады, азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап береді. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстарын жинап, оларды алдағы бірлескен жұмыс барысында ескереміз. Ертеңнен бастап халықпен алғашқы жүздесулер өтеді», – деді Армангүл Тоқтамұрат.

Партия сайлауға ҚР жаңартылған Конституциясының қағидаттарына негізделген «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасымен түсіп жатыр. Құжатта 2031 жылға дейін есептелген мемлекеттік саясаттың жеті стратегиялық мақсаты мен он басты бағыты қамтылған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *