Науқанның бір күні – жеті түрлі бағыт: партиялар өңірлерден қолдау іздеді

Абай күні қарсаңындағы сайлауалды күн тәртібі мәдени мұра мен қоғамдық бірегейлік мәселелерімен толықты. Сонымен бірге саяси партиялар еліміздің әр өңірінде тұрғындармен, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, азаматтарды толғандыратын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылады.

Сайлауалды науқан аясындағы кездесулерде тұрғын үйдің қолжетімділігі, денсаулық сақтау, экология, өндірісті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығы, еңбек жағдайы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді бағыттарға басымдық берілді.

Әлеуметтік мәселелер мен инфрақұрылым – басты назарда

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының басшысы Айбек Дәдебай бастаған топ Абай облысының тұрғындарымен кездесті. Сапар Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Тұрғындармен кездесуде тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, жеңілдетілген ипотекалық несиелеуді дамыту, медициналық көмектің сапасын жақсарту, азық-түлік импортына тәуелділікті төмендету және қазақстандықтарды жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуге даярлау мәселелері қозғалды.

Өңір тұрғындары өз кезегінде жылу және су құбырлары желілерінің тозуы, Семей ядролық полигонының сынақтарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау, ғылымды дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігін көтерді. Кездесу соңында партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.

Гендерлік теңдік мәселесі талқыланды

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астанада «Гендерлік теңдік – шынайы демократия» атты республикалық сайлауалды форумын өткізді.

Іс-шараға Құрылтай депутаттығына кандидаттармен қатар гендерлік саясат саласындағы сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және көпбалалы аналар қатысты.

Партия төрағасы Асхат Рахимжанов сайлау үдерісіндегі гендерлік квота, әйелдер мен ерлердің еңбекақысындағы айырмашылық мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық жұмыстар мен партияның «PANA» жобасы сөз болды.

Экология және табиғатты қорғау

«Байтақ» партиясы сайлауалды жұмысында экологиялық мәселелерге басымдық берді. Өскемен қаласында кандидат Алмаз Джакишевтің бастамасымен сенбілік ұйымдастырылып, Ертіс өзенінің жағалауы мен Куленовка су қорғау аймағынан 140 қап қоқыс жиналды.

Сонымен қатар Алакөл мемлекеттік табиғи қорығында табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Партия өкілдері өңірлердегі тұрғындармен де кездесулер өткізді. Ақтөбе облысында кандидат Айман Сексенова Сарыжар ауылының тұрғындарымен пікір алмасты. Ал Маңғыстау облысында «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесуде еңбек жағдайы, еңбекақы және медициналық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Медицина және ауылдық жерлердегі қызмет сапасы

Қазақстан халық партиясының өкілдері де бірқатар өңірде сайлауалды кездесулер өткізді.

Кандидаттар Әлімбек Ағибаев пен Евгений Миронов Теренкөл ауданының орталық аудандық ауруханасының еңбек ұжымымен кездесіп, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын және ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін талқылады.

Риддер қаласында партия өкілдері «Фирма Эталон» жол-құрылыс кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Мұнда өндірістік еңбекке қатысты мәселелер мен жұмысшылардың ұсыныстары назарға алынды.

Партияның сайлауалды бағдарламасындағы 19 міндетке арналған «Халықтық траверс» жобасы да жалғасты. Жоба аясында қазақстандық альпинистер Іле Алатауындағы 19 шыңға көтерілді.

Ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік қолдау

«Ауыл» партиясы Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарын өткізіп, кәсіпорын өкілдерімен, экологтармен, ҮЕҰ мүшелерімен және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен кездесті.

Кездесулер барысында өңірдің инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік сала, экологиялық қауіпсіздік және ауыл шаруашылығын жетілдіру мәселелері сөз болды.

Құрылтай депутаттығына кандидат Алмас Мұхаметов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ғылыми ортаның рөліне арналған дөңгелек үстелге қатысып, осы бағыттағы мәселелерді талқылады.

Тұрғындардың ұсыныстарын жинау

«Ақ жол» партиясы батыс және солтүстік өңірлердегі сайлауалды кездесулерін жалғастырды.

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданынан Астанаға велосипедпен жолға шыққан мұғалім Асылбек Айболатов Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстары арқылы жүріп өтіп, жол бойындағы елді мекен тұрғындарымен кездесті. Ол азаматтардың өтініш-тілектері мен ұсыныстарын жинап, партия басшылығына жеткізді.

Сапар қорытындысында Асылбек Айболатов партия қатарына қабылданды.

Ал Маңғыстау облысында Бейнеу аудандық мәслихатының депутаты Райымбек Түзелов бастаған үгіт тобы Сарға ауылының тұрғындарымен кездесіп, жергілікті мәселелерді талқылады.

Өндіріс пен бизнесті дамыту

«Respublica» партиясының Айдарбек Қожаназаров бастаған республикалық үгіт тобы Маңғыстау облысына барды.

Ақтау қаласында кандидаттар OPTIMUM жобалау институтына, «WEST HIM TECHNOLOGY» ЖШС өндірістік цехына және Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясына барып, кәсіпкерлікті, отандық өндірісті және өңірлік экономиканы дамыту мәселелерін талқылады.

Талдықорғанда партия штабы «Ажар» тігін фабрикасының қызметкерлерімен және «Алматинские краски» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Кездесулер барысында еңбекақы деңгейі, еңбек жағдайлары, импорттық шикізатқа тәуелділік және мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.

Өңірлердегі нақты мәселелер – сайлауалды күн тәртібінің өзегі

Бір күннің өзінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде өткен сайлауалды іс-шаралар партиялардың бағдарламаларындағы бағыттардың кең ауқымын көрсетті. Әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, экология, ауыл шаруашылығы, өндіріс, инфрақұрылым, еңбек қатынастары және азаматтардың ұсыныстарын тыңдау – кездесулердің негізгі тақырыптарына айналды.

Сайлауалды науқанның өңірлік форматта өтуі партияларға жергілікті тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, нақты мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Ал азаматтар үшін мұндай кездесулер өз ұсыныстары мен талаптарын кандидаттарға тікелей жеткізудің маңызды алаңына айналуда.

Осылайша, сайлауалды күн тәртібі тек саяси ұрандармен шектелмей, өңірлердегі күнделікті өмірге қатысты нақты мәселелермен толығып келеді. Бұл ретте партиялардың сайлауалды жұмысы тұрғындардың сұраныстарын жинақтау, оларды бағдарламалық ұсыныстармен байланыстыру және қоғамдық пікір қалыптастыру бағытында жалғасуда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *