Қазақстандағы сайлауалды науқан қарқын алып келеді. Елдің барлық өңірінде саяси партиялар халықпен кездесулер өткізіп, бағдарламаларын таныстырып, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауда. Әр партия өз идеологиялық бағытына сәйкес қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, сайлаушылармен ашық диалог орнатуға басымдық беріп отыр.
Бүгінгі сайлауалды картасына көз жүгіртсек, партиялардың басты назарында әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастары, кәсіпкерлікті қолдау, экология, құқықтық мемлекет, ауыл шаруашылығы және жастар саясаты секілді маңызды бағыттар тұрғанын байқауға болады.
«Әділет» партиясы Ақтөбе облысында өткен кездесулерде отбасы институтын нығайту, ана мен бала денсаулығын қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, құқықтық мемлекет құру және сот жүйесінің тәуелсіздігі мәселелеріне ерекше тоқталды. Сонымен бірге азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар талқыланды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуына басымдық беруде. Өскемен қаласында өткен кәсіподақтар конгресінде ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, тұтыну себетінің құнын қайта қарау, өндірістегі қауіпсіздік, еңбеккерлердің әлеуметтік кепілдіктері және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы мәселелері көтерілді.
«Байтақ» жасылдар партиясы қоршаған ортаны қорғау мәселелерін күн тәртібінен түсірген жоқ. Алматы облысында өткен дөңгелек үстелде Іле өзені мен Балқаш көлінің экожүйесін сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану және экологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері Астана мен Қызылорда облысында тұрғындармен кездесіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік әділеттілік пен халықтың әлжуаз топтарын қолдау мәселелеріне назар аударды. Партия өкілдері ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау және алимент төлеу мәселелері бойынша қоғамдық ұйымдармен кездесті.
Өңірлердегі кездесулер көрсеткендей, сайлауалды науқан тек үгіт-насихат шараларымен шектелмей, нақты әлеуметтік мәселелерді талқылайтын ашық пікір алаңына айналып келеді. Партиялар әртүрлі бағыттарды ұсынғанымен, олардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға қатысты өз көзқарастарын жеткізуге ұмтылуда.
Алдағы күндері де еліміздің барлық өңірінде кездесулер, қоғамдық талқылаулар және пікір алмасу алаңдары жалғасады. Осылайша, Қазақстанның сайлауалды картасы қоғамның түрлі сұранысын қамтитын, әр партия өз басымдықтарын айқындайтын саяси алаң ретінде қалыптасып отыр.