Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады
2026 жылғы 29 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда есепті апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.
Апта ішінде картоптың бағасы – 2,8%, қызанақ – 2,4%, алма – 1,9%, қияр – 1,2%, сәбіз, қаймақ және қара шай – 0,2%, сондай-ақ тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, майлылығы 2-3% айран – 0,1% арзандады.
Есепті аптада ұн, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, жылқы еті, сүйекті сиыр еті, сондай-ақ майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қалаларында дефляциялық үрдіс байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Павлодарда – 0,4%, Алматы, Шымкент және Ақтауда – 0,2%, Қонаев пен Қостанайда – 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында бағалар өткен аптаның деңгейінде сақталды.
Республика бойынша қиярдың орташа бағасы бір килограмына 495 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – бір килограмы 339 теңге.
Ел бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 275 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістанда тіркелді – бір килограмы 219 теңге.
Республика бойынша І санаттағы жұмыртқаның орташа бағасы (10 дана) 567 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Оралда (475 теңге) және Қызылордада (477 теңге) тіркелді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.