Бір мінбер, жеті партия: сайлауалды науқандағы алғашқы саяси тартыс нені көрсетті?

Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында «Qazaqstan» телеарнасында жеті саяси партияның қатысуымен ұлттық теледебат өтті. Ашық форматтағы пікірсайыс партияларға сайлауалды бағдарламаларын кең аудиторияға таныстырып, өз ұстанымдарын көпшілік алдында негіздеуге мүмкіндік берді.

Теледебат басталар алдында қатысушылар Әдеп хартиясына қол қойып, саяси мәдениет пен өзара құрмет қағидаттарын сақтауға уағдаласты. Сөз сөйлеу реті кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталып, барлық партияға тең мүмкіндік берілді.

Пікірталастың негізгі тақырыбы адами капиталды дамыту мәселесіне арналды. Қатысушылар білім беру сапасын арттыру, ғылымды қолдау, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, жастардың әлеуетін дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағыттарындағы бастамаларын ұсынды. Сонымен қатар цифрлық экономика, кәсіпкерлік, экология және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды.

Дебат барысында саяси партиялар өз бағдарламаларын таныстырып қана қоймай, ұсынылған бастамалардың тиімділігі жөнінде пікір алмасты. Пікірталас саяси әдеп аясында өтіп, жеке басқа бағытталған мәлімдемелерге жол берілген жоқ.

Тікелей эфир кезінде көрермендер QR-код арқылы онлайн дауыс беріп, пікірсайысқа қатысушылардың өнер көрсетуіне баға берді. Дауыс беру нәтижесінде «Әділет» партиясы – 67,1 пайыз, «Ақ жол» – 9,9 пайыз, Қазақстан Халық партиясы – 8,2 пайыз, «Ауыл» – 5,4 пайыз, Respublica – 4,3 пайыз, ЖСДП – 2,2 пайыз, «Байтақ» – 2,1 пайыз дауыс жинады. Ал қатысушылардың 0,8 пайызы ешбір партияның ұстанымын қолдамаған.

Сонымен қатар өңірлерде партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасты. Саяси ұйымдар еңбек ұжымдарымен, жастармен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесулер өткізіп, өздерінің бағдарламалық басымдықтарын таныстырды.

Ұлттық теледебат сайлауалды науқанның маңызды қоғамдық-саяси алаңына айналып, сайлаушыларға партиялардың бағдарламаларын салыстырып, олардың ұсынған бастамаларымен жан-жақты танысуға мүмкіндік берді. Пікірсайыс ашықтық, бәсекелестік және саяси мәдениет қағидаттарының сақталуымен ерекшеленді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *