Бәйдібек ауданы полиция бөлімі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қағидаларын сақтау мәдениетін қалыптастыру және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және олардың алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы қағидаларын сақтауын қамтамасыз ету, сондай-ақ жолдағы қауіпсіздікті күшейту болып табылады.
Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілерінің жылдамдық режимін сақтауы, мас күйінде көлік құралын басқармауы, қарсы қозғалыс жолағына шықпауы, қауіпсіздік белдігін тағуы, балаларды арнайы қауіпсіздік құралдарымен тасымалдауы, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланбауы және өзге де жол қозғалысы қағидаларының сақталуы бойынша бақылау жүргізеді.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер арасында белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, бағдаршам талаптарын орындамау және жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру-профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылады. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында азаматтарға түсіндіру жүргізіліп, ақпараттық жадынамалар таратылып, профилактикалық әңгімелер өткізіледі.
Жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректерінің алдын алу, жол-көлік оқиғаларының санын төмендету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда.