Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылындағы “ТП-32” су ұңғымасына қатысты сот процесі қоғам назарын аударған маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Естеріңізге сала кетсек, биылғы жылдың 4 мамырында Түркістан қаласындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта өткен тыңдауда тараптардың ұстанымдары жан-жақты қаралып, оң шешімін тапты.
Аталған іске ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы мәселенің жергілікті халық үшін қаншалықты өзекті екенін көрсетіп отыр. Сот отырысына қатысқан азаматтар, соның ішінде қоғам белсендісі Қуат Қайыповтың тікелей эфир арқылы процесті жария түрде көрсетуі ашықтық пен жариялылықтың белгісі деп білеміз.
Сот барысында мемлекеттік органдар өкілдерінің ұңғыманы мемлекет меншігіне қайтаруды қолдауы стратегиялық маңызы бар табиғи ресурстардың халық игілігі үшін қызмет етуі тиіс екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Су – тіршілік көзі. Сондықтан мұндай нысандардың жекелеген тұлғалардың иелігінде емес, мемлекет бақылауында болуы әлеуметтік әділеттілік.
Ұңғыманың мемлекет меншігіне өтуі – ең алдымен ауыл тұрғындарының тұрақты әрі қауіпсіз ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді басқаруға, олардың заңсыз немесе бейберекет пайдаланылуына жол бермеуге ықпал етпек.
Мұндай қадамдар мемлекет тарапынан қоғамдық мүддені қорғау бағытындағы жүйелі саясаттың көрінісі ретінде бағалануы тиіс. Әсіресе ауылдық жерлердегі инфрақұрылым нысандарын мемлекеттік бақылауға қайтару – әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттырудың маңызды тетігі.
Жалпы алғанда, ТП-32 ұңғымасының мемлекет меншігіне қайтарылуы уақыт талабына сай, әділ әрі тиімді шешім деп есептеймін. Бұл тек бір ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.