Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарда жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар туралы мәлімдеді. Президенттің биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағыты айқындалып, басты назар инновация мен цифрлық технологияларға негізделген экономика қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді. Экономиканы әртараптандыру және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту міндеттері бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі өзегіне айналып отыр. Осы мақсатта Түркістан облысында жүйелі шаралар қабылданып келеді.
Өңір басшысы облысқа сырттан келетін тауарларға жүргізілген талдау нәтижесінде импорттың басым бөлігін құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісі құрайтынын айтты. Бұл өнімдердің барлығын өңірдің өзінде шығаруға мүмкіндік бар. Инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын инфрақұрылымы бар алаңдар ұсынылып, маңызды өндірістерді іске қосуға жол ашылды. Соның арқасында өңірде жаңа зауыттар мен кәсіпорындар саны артып келеді.
Бүгінде Түркістан облысының 20 индустриалды аймағында жалпы құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық қуатына шыққанда 6 361 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды, 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған. АЭА аумағында жаңа өндіріс орындарын ашу және жоғары технологиялық инвестицияларды тарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.






