Түркістан қаласында балаларға арналған жаңа қалалық оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, орталықтың ашылуына үлес қосқан жандарға алғыс білдірді. Олар мұндай маңызды жобалардың жүзеге асуы – қоғамның бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау және олардың денсаулығын жақсарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты назарында екенін жеткізді.
«Балалар – біздің болашағымыз. Олардың денсаулығы мықты, мүмкіндіктері кең, өмір сапасы жоғары болуы – мемлекет үшін басты міндет. Жаңа орталық ата-аналарға үлкен үміт, балаларға жаңа мүмкіндік сыйлайды. Мұнда заманауи әдістермен ем қабылдап, жоғары білікті мамандардың қолдауына ие бола алады», – деді Қанат Бозымбаев.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өңірде денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалар жалғасатынын атап өтті.
«Бүгін ашылып отырған орталық – балалардың денсаулығын жақсартуға, даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Басты мақсатымыз – өңірдегі әрбір баланың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасау», – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар әкім жаңа нысанды салуға демеушілік көрсеткен «YDA HOLDING» компаниясына алғыс айтты. Іс-шарада «YDA Group KZ» компаниясының бас директоры Онур Кыроглу да құттықтау сөз сөйлеп, орталықтың Түркістан облысына сый ретінде тапсырылғанын жеткізді. Нысан Кираз Арслан мен Яшар Деде Арсланның құрметіне салынған.
Жоба туралы
-
Жобаның құны: 2,7 млрд теңге
-
Жалпы аумағы: 1,56 гектар
-
Ғимарат ауданы: 2 227,41 шаршы метр
-
Қуаттылығы: 40 төсек-орын (тәуліктік), 20 орын (амбулаторлық қабылдау)
Орталық ортопедиялық және нейрохирургиялық операциялардан кейінгі оңалту, неврологиялық ауытқулар, кардиохирургиялық оталардан кейінгі кезең және орфандық аурулар бойынша кешенді медициналық көмек ұсынады. Заманауи жабдықтармен қамтылған мекеме тек Түркістан қаласына емес, бүкіл облыс балаларына қызмет көрсетеді.
Түркістан облысындағы балалар денсаулығына қатысты мәліметтер
-
Өңірде 0-14 жас аралығында 774 мыңнан астам бала бар.
-
Соңғы 5 жылда 300-ден астам жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.
-
Қазіргі уақытта облыста 4 балаларды оңалту орталығы және 3 «Қамқорлық» орталығы жұмыс істейді.
-
Тек 2024 жылдың ішінде 14 153 балаға оңалту қызметі көрсетілді.







