Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығаратын жаңа зауыты ресми түрде іске қосылды. Нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс цехтарын аралап көрді. Облыс басшысы өңірде өндірісті дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, экспорт көлемін арттыру мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орнының аймақ экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.
– Бүгін Түркістан облысының экономикалық дамуы үшін аса маңызды жобалардың бірі жүзеге асып отыр. Полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық ыдыстар өндіретін жаңа зауыт өз жұмысын бастады. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, кәсіпкерлік ортаның жандануына серпін беретін қуанышты оқиға. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өндірісті күшейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгін іске қосылған кәсіпорын – осы міндеттердің ойдағыдай орындалып жатқанын көрсететін жарқын мысал. Жоба жеке инвестор есебінен жүзеге асырылып, 4 млрд теңге инвестиция салынды. Қазіргі таңда полиэтилен пакеттері мен бір рет қолданылатын пластикалық өнімдерге сұраныс жоғары. Бұл зауыт ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыра түседі. Мұндай жобалар облыстың экономикалық дамуына серпін береді. Біз инвесторлар мен кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Жаңа өндіріс орны облыс экономикасына зор үлес қосады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 30-дан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында облыстың негізгі капиталына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде шетелдік инвестиция көлемі 543,5 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, 2025–2028 жылдары жүзеге асырылуы жоспарланған 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасқан. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орны ашылады.







