Мемлекеттік аппараттың тиімді жұмысы – елдің тұрақты дамуының негізгі алғышарты. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке іріктеу процесін жетілдіру, ашықтық пен әділеттілікті күшейту мақсатында eQyzmet.gov.kz бірыңғай цифрлық платформасын іске қосты.
Аталған порталда барлық мемлекеттік органдар мен лауазымдар бойынша бос жұмыс орындары жарияланып, үміткерлерге конкурстарды бір терезе қағидаты бойынша көру мүмкіндігі беріледі. Бұл кандидаттардың да, мемлекеттік органдардың да уақытын үнемдеп, іріктеу процесін барынша қолайлы етеді.
Конкурсқа қатысу үдерісі толық автоматтандырылған. Үміткерлер құжаттарды онлайн тапсырып, тест нәтижелерін тіркеп, әңгімелесу уақытын цифрлық форматта белгілей алады. Бұл адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, жүйе кандидаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Әңгімелесу кезеңі бейнежазбаға жазылады, бұл шағымдану және апелляциялық рәсімдерде айқындықты қамтамасыз етеді. Әңгімелесу нәтижелері мен жинаған ұпайлары портал арқылы ашық көрсетіледі.
Платформада әрбір үміткердің жеке кабинеті қалыптасады. Онда білім туралы мәліметтер, еңбек өтілі, тестілеу нәтижелері және кандидат қатысқан конкурстар сақталады. Бұл болашақта қайта-қайта құжат жинау қажеттілігін азайтады.
Бүгінде барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізуді осы жүйе арқылы жүзеге асырып келеді.
eQyzmet.gov.kz – тек техникалық жаңашылдық емес. Бұл мемлекеттік қызметке деген сенімді арттырып, кәсіби кадрларды тартуға бағытталған стратегиялық құрал. Жүйе меритократия қағидаттарын күшейтіп, лайықты мамандардың алға шығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа цифрлық тәсіл үміткерлерге әділ, ашық және қолжетімді мүмкіндіктер ұсынып, кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға нақты үлес қосады.
Осыған орай, елдің білімді, білікті, адал және белсенді азаматтарын осы заманауи жүйені пайдалана отырып, мемлекеттік қызметке келуге шақырамыз. Мемлекеттік қызмет – бұл тек мамандық емес, елге қызмет ету миссиясы. Заманауи eQyzmet.gov.kz платформасы әрбір адамға өз әлеуетін жүзеге асырып, әділ бәсекеге түсіп, шынайы мүмкіндік алуға жол ашады.
Абылайхан Дағыстанұлы Наурызбаев
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы







