

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай елімізде спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Түркістандағы «Ескек есу» каналы – осы стратегиялық бағыттың жарқын көрінісі. Арна халықаралық стандарттарға толықтай сай және академиялық есу, байдарка мен каноэ, триатлон, параканоэ, ашық суда жүзу сынды спорт түрлеріне бейімделген. Бірегей кешенде 500-ге жуық спортшы тұрақты түрде жаттығуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Азия және әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық әлеуеті бар. Бұл нысан Қазақстанды халықаралық спорт аренасында жаңа деңгейге көтермек.

– Бұл – Түркістанның ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтататын тарихи оқиға. «Ескек есу» арнасы – болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін алтын ұя болады, – деді Нұралхан Көшеров.

Ашылу салтанаты тек спорттық қана емес, нағыз мәдени феноменге айналды. «Turkistan Water Fest & Sky Lights» фестивалі шеңберінде қала тұрғындары мен қонақтары су үстіндегі шоу, флайборд, лазерлі және фонтан қойылымдарын тамашалады. Түркістан аспанын түрлі-түсті әуе шарлары, отшашулар мен лазерлер жарықтандырды.
Кештің жүргізушілері: Динара Сәтжан, Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин.
Сахна төрінде өнер көрсеткендер:
Мұқасан Шахзадаев
Калифарния
Ақсұңқар
DJ Macarello
«Таңба» этно тобы
«Самғау» би ансамблі
Түркістан музыкалық театрының бишілері



ТҮРКІСТАН СПОРТЫ – ЖАҢА ДЕҢГЕЙДЕ

Сондай-ақ, Түркістанда қысқы спортты дамыту бағытында «Мұз сарайы» ашылып, 400-ден астам жасөспірім хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трекпен айналысуда.

Қазіргі уақытта қалада атшабар кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл ұлттық спортты қайта жаңғыртып, Түркістанды ат спортының да орталығына айналдырады.

Биыл Түркістан облысында 102 спорт нысаны пайдалануға берілсе, тағы 10 нысан 2026 жылы іске қосылады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін 22 бейімделген спорт секциясы ашылып, инклюзивті ортаның дамуына басымдық берілуде.

Түркістанда ашылған «Ескек есу» арнасы – еліміздегі спорт инфрақұрылымының, жастар саясатының және өңірлік туризмнің симбиозы. Бұл – болашақ чемпиондар мекені ғана емес, ұлттық мақтанышқа айналар нысан.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі