Түркістан облысының Түлкібас ауданында жалпы ұзындығы 108,7 шақырым болатын 13 каналға реконструкция жасалды. Оның ішінде 76,3 шақырымы бетондалды, 32,4 шақырымына механикалық тазарту жүргізілді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жасалған жұмыстардың нәтижесімен танысты.
Бүгінде каналда әрлеу және тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Реконструкция жұмыстарының нәтижесінде 8 632 гектар егіс алқабы қайта игеріліп, аудандағы жалпы суармалы алқап көлемі 16 832 гектарға жетеді.
Өңірге сапары аясында министр Жоғарғы Ақсу су торабының жұмысымен танысты. Нысан Сайрам ауданының диқандарын суармалы сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде су торабынан секундына 7 текше метр су жіберіліп жатыр.
Нұржан Нұржігітов Сайрам ауданының диқандарымен және «Тұран су» мекемесінің қызметкерлерімен кездесті. Ведомство басшысы елімізде су шаруашылығын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.

— деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Одан кейін министр «Сайрам-су» су бөгетіне барды. Нысан Сайрам-су өзенінің ағынын реттеп, оң және сол жағалау магистральдық каналдары арқылы 8 760 гектар жерді суармалы сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Тоғыз» су қоймасына қосымша су жібереді.
Министр Түркістан облысының «Қазсушар» филиалына жаңа арнайы техникалардың кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Жалпы алғанда, филиал 69 техника алды, оның ішінде экскаватор-тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тіркемелер, су тасығыштар, самосвалдар, автокран, тартқыш, аспалы жабдық, дизельді генератор және т.б. бар. Филиалға жалпы саны 133 техника бөлінді, енді қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК филиалдарын бүкіл ел бойынша жаңа жабдықтармен жарақтандыру жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда кәсіпорын филиалдары жоспарланған 757 арнайы техника мен автокөліктің 439-ын алды.