Бүгін Шардара ауданында қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесі үшін дәстүрлі 62-ші турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Қазақ күресінен 62-ші облыстық дәстүрлі турнирге басқа аудандар мен қалалардан келген 9 команда құрамындағы 106 спортшы қатысуда. Бұл БАҚ ұйымдастырып келе жатқан, алпыс жылдан астам тарихы бар еліміздегі бірден- бір дәстүрлі турнир.
Жарыстың мақсаты – ұлттық спорт түрі қазақ күресін дамыту, облыстық жаттықтырушылар арасында тәжірибе алмасуға ықпал ету, халық арасында күресті кеңінен насихаттау, балуандардың спорттық шеберлігін шыңдау. Сонымен қатар, жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу, бұқаралық спортқа тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезім қалыптастыру, сондай-ақ алдағы республикалық және халықаралық жарыстарға облыс құрамасын іріктеу көзделіп отыр.
Салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлына берілді. Одан кейін сөз Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Худияров Ғалымжан Батырханұлына ұсынылды.
Жарысқа қатысушылар мен қонақтарды «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры – бас редакторы Балажан Абай Бекназарұлы құттықтады.
Аудан әкімі А.Қарсыбаев қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін, ауданның 60 жылдық мерейтойына орай арнайы төсбелгімен марапаттаған азаматтар:
• Исаев Талғат Тәңірбергенұлы
• Ақжаров Мұңайтпас Халиуллаұлы
• Дәуренов Мұсырманқұл Пардабайұлы
Сонымен қатар, 2025 жылы республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі жетістіктері үшін Шамшидинов Қайсар Фазилдинұлы марапатталды.
Турнир барысында үздік палуандар анықталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, соның ішінде автокөлік табысталуы жоспарлануда. Турнир барысында балуандар өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге жоғары деңгейдегі тартысты белдесулер сыйламақ. Қазақ күресінің беделін арттыруға бағытталған бұл жарыс дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді және ұлттық спортты кеңінен танытуда маңызды рөл атқарады.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі