Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін жетілдіруге бағытталған реформа қолға алынды. Жаңа тәртіп мемлекеттік қолдауды отбасының нақты әл-ауқаты мен мұқтаждық деңгейіне қарай ұсынуды көздейді.
Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Қазіргі таңда республика бойынша әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрі төленеді. Оларды алушылар саны 3,2 миллион адамды құрайды. Жыл сайынғы шығын көлемі 2,1 триллион теңгеге жуық.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдердің 14 түрін тағайындау кезінде Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталатын әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Жаңа тәртіпке сәйкес, әл-ауқаты жоғары «А» және «В» санаттарына жататын отбасыларға аталған төлем түрлері тағайындалмайды.
Отбасының әл-ауқаты бес санат бойынша бағаланады: «А» – әл-ауқаты жоғары, «В» – ауқатты, «С» – қанағаттанарлық, «D» – экономикалық осал және «Е» – экономикалық әрі әлеуметтік осал деңгей.
Бағалау барысында отбасының табысы, құрамы, жылжымайтын мүлкі, көлік құралдары, кәсіпкерлік қызметі, жері мен малы, еңбек қызметі, әлеуметтік төлемдері және қаржылық міндеттемелері ескеріледі. Мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер негізінде автоматты түрде жинақталады. Азаматтардан қосымша құжаттар талап етілмейді.
Реформа әлеуметтік қолдауды толықтай алып тастауды емес, оны нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді. Егер отбасының әл-ауқаты төмендеп, тиісті санатқа ауысса, әлеуметтік төлемдерді алу құқығы қайта қаралады. Әрбір төлем бойынша құқық жеке бағаланып, заңнамада көзделген ерекшеліктер ескеріледі.
Реформаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдаудың әділдігі мен тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау.
ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР НАҚТЫ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА БАҒЫТТАЛМАҚ