Түркістан қаласында түркі тілдес елдердің баспа ұйымдарын, қаламгерлерін, аудармашыларын және әдеби қауым өкілдерін бір арнаға тоғыстырған «Turkestan Book Fair» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі басталды. Ауқымды шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Фолиант» баспасы және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өтуде. Көрменің негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқуды насихаттау, отбасылық оқу мәдениетін дамыту және жалпы оқырман талғамын қалыптастыру.
Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, көрнекті қаламгер Құлбек Ергөбек, Әзербайжан баспалар бірлестігінің директорлар кеңесінің төрағасы Шәміл Садық, ақын, Түркі дүниесі Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, шараның түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде былай деді:
«Түркістан – сан ғасырлық тарихтың, руханият пен мәдениеттің алтын ордасы. Бүгінде бұл қала еліміздің ғана емес, күллі Түркі дүниесінің рухани жауһары ретінде дамып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызды екенін атап өткен болатын. Осы бағытта өңірімізде 388 кітапхана биылдың өзінде 380 мыңға жуық оқырманға қызмет көрсетті. Кітап қоры 6 миллионнан асты. Әдеби іс-шаралар ұйымдастырылып, оқырман тарту жұмыстары жалғасуда. Ал бүгінгі көрме – тек жәрмеңке ғана емес, әдебиет пен білімді байланыстыратын маңызды мәдени оқиға. Түркі елдерінің үздік баспаларының қатысуы – бұл шараның маңызын арттыра түседі», – деді Ертай Кенжебекұлы.
Кітап жәрмеңкесіне Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан, Қырғызстан, Саха Республикасы (Якутия), Ресей және Қазақстаннан келген 50-ге жуық компания қатысып, өздерінің баспа және полиграфиялық өнімдерін ұсынуда. Шара түркі әлемінің мәдени және рухани байланысын нығайтып, баспагерлер мен авторлар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Көрме аясында түркі тілдес елдердің кітаптарына арналған арнайы экспозициялар ұсынылды. Қатысушылар көрме павильондарын аралап, жаңа басылымдармен танысты.
«Turkestan Book Fair» үш күнге жалғасады. Бағдарлама барысында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар және балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Атап айтқанда:
-
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының «Ләйлі-Мәжін» дастаны,
-
қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романы,
-
ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Бату хан» тарихи-деректі романы,
-
«Саха поэзиясының антологиясы» кітабы,
-
М. Әуезов күнделіктері,
-
«Тәрбие танымдары» кітабының тұсаукесерлері өтеді.
Сондай-ақ жазушы Аягүл Мантайды еске алу кеші ұйымдастырылады. Қатысушылар белгілі қаламгерлер Баянғали Әлімжанов, Ұларбек Дәлейұлы және өзге авторлармен кездесе алады.
Көрмеге «КітапХан» жобасының негізін қалаушы Хамит Ердехан қатысып, көрме алаңында подкаст форматында Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» шығармасы талқыланады.
Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі 28 қарашаға дейін «Конгресс Холл» кешенінде жалғасады.







